Қарағанды облысы, Теміртау қаласындағы 5516 әскери бөлімінде 20 жастағы сарбаз қаза тапты. ҚР «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі таратқан мәліметте, 2021 жылғы 21 қазан күні сағат 01:30 шамасында мерзімді қызметтегі әскери қызметші бекетте қызмет атқара жүріп, бекітілген қаруымен басының тұсынан өз-өзіне оқ атқаны айтылған.
Аталған факт бойынша Орталық өңірдің әскери-тергеу басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қаза болған қатардағы жауынгер Мақтаарал ауданының тумасы. Марқұмның туыстары, сарбаздың өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейміз деп отыр.
Мадина Айбекова, марқұмның әпкесі: «Мен Оңғар Сержанның әпкесі боламын. Әкесінің туған қарындасымын, есімім – Мадина. Біз баламызды Отан қорғасын деп жібердік қой бұл жерге. «Өзін-өзі өлтірді» деп звондап тұр ғой ағама. Сонымен 20-сы күні жеңгеммен сөйлескен, «жағдайым жақсы, бәрі жақсы» деп сөйлескен. 21-не қараған түнде звондаған ғой, балаңыз өзін-өзі атып өлтірді деп. Түнгі сағат 4-тер шамасында. Мен өзім трупты көрдім. Трупты көргенде олар маған 5 оқ атылды деп тұр, 5 оқ атылса баланың бет-аузынан дым қалмау керек қой. Мен 5 оқ атылды дегенге сенбеймін. Отан қорғасын, елімізге қызмет жасасын деп жіберген бала ғой бұл. Әділдік іздейміз, әділ сот шешімі болса екен деп сұраймын».
Малика Қанжарбекқызы