Мәжілісте қандай заң мақұлданды?

102

Мәжілістің жалпы отырысында бірнеше заң жобасы мақұлданды. Оның ішінде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» және «Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы» мәселелер талқыланды. Енгізілген өзгерістердің өзектілі мен мақсаты туралы толығырақ…

Үй жануарын азаптаған азаматтарға 14 585 теңгемен 116 680 теңге аралығында айыппұл салынады. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев бүгінде жануарларға қатыгездік жасағаны үшін жеке бап жоқ екенін атап өтті. Осыған байланысты, кодекске жануарларға қатыгездікпен қарау, үй және қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау, ұстау, есепке алу, серуендету, тасымалдау, жансыздандыру қағидаларын бұзу бойынша өзгерістер енгізілді

Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі: «Бүгін сіздердің назарыңызға ұсынылған заң жобасы жануарларға қатысты жағымсыз көріністер, атап айтқанда иттерді төбелестіру, анестезиясыз ветеринариялық операциялар жүргізу, жануарларды жазасыз өлтіру, жануарларды әлсірету және оларға уақтылы көмек көрсетпеу, қатыгездікпен аулау әрекеттеріне тосқауыл қояды».

Бұл заң жобасы жануарларға қатігездік жасайтындарға қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Ал Брекешовтың айтуынша заң жобасында айыппұл мөлшерін анықтау мақсатында халықаралық тәжірибе назарға алыныпты.

Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі: «Мәселен, Германияда жануарларды серуендету тәртібін бұзғаны үшін 68 еуро немесе 33 мың теңге, ал Ресейде 15 мың теңге айыппұл салынады екен».

Сондай-ақ, отырыста адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы заң жобасы да мақұлданды. Яғни, адам құқықтары жөніндегі уәкілге оның қылмыстық жауаптылығына немесе әкімшілік жауапкершілігіне қол сұғылмаушылық мәртебесі беріледі. Сондай-ақ уәкіл бес жыл мерзімге сайланады екен.

Асқар Шәкіров, Сенат төрағасының орынбасары: «Уәкілдің мәртебесіне, қызметінің қағидаттарына, яғни адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының мүддесінде заңдылық, ашықтық және тәуелсіздік қағидаттарына ерекше мән беріледі. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге оның қылмыстық жауаптылығына немесе әкімшілік жауапкершілігіне қол сұғылмаушылық мәртебесі беріледі. Осыған байланысты оны жауапкершілікке тартудың ерекше тәртібі енгізіледі. Сонымен қатар, уәкіл куә ретінде айғақтар беруден босатылады».

Айта кетейік, уәкілдің заңды қызметіне араласқаны немесе кедергі келтіргені үшін жауапкершілік көзделген.

Мөлдір Ибадуллаева