Шардараның халқы жылу мен газдан тарығып отыр. Баспаналарында көгілдір отын болмаған соң тұрғындар газ баллон мен жылытқыш пайдалануға мәжбүр. Ал әкімдіктегілер қаланың бірнеше шағынауданында газ тарату жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады.

Шардара қаласының тұрғыны Ольга Облова қаншама жылдан бері үйінде жылу жоқ екенін айтады. Сөзінше, жылытқыш қондырғы мен газ баллоны арқылы амалдап, баспанасын күз-қыс мезгілі кезінде болатын суықтан сақтап отыр. Тіпті, көп әуреге түспес үшін үйіне бір емес, үш газ баллонын алып қойыпты.

Ольга Облова, Шардара қаласының тұрғыны: «Бұл газ баллондарын үйге қондыру өте қауіпті. Бұдан әрдайым газдың иісі шығады. Ал мен қазір мүлде иіс сезбей қалғанмын. Сондықтан бұл ойламаған сәтте жарылып кетуі де мүмкін. Бірақ оны қойғаннан басқа амалым жоқ».

Осы мәселе бойынша қаладағы жаңадан салынған көпқабатты тұрғын үйге де бас сұқтық. Бірақ ондағы тұрғынның айтуынша, мұнда да жылу жүйесі жүргізілмеген. Сондықтан, жылыту қондырғысын пайдаланып, қыстың қамын жасайды екен. Ал сол құрылғының өзі жиі істен шығатын көрінеді.

Гаухар Тәжібекова,Шардара қаласының тұрғыны: «Жылытатын тэн бұзылып қалған ғой, соны қайтіп істетуге бергенбіз. Тэн негізі мына жерде орнатылады. Иә, осы газ баллонын істетеміз ғой».

Жауаптылар ауданда 25 елді мекеннің сегізі газ жүйесін тұтынып отыр дейді. Ал қалған аймақтарға көгілдір отын кезең-кезеңімен берілетін айтады.

Нұрхан Шыңғысбек, Шардара ауданының «ҚазТрансГазАймақ» филиал директоры: «Биылғы жылы біздің қаламызға газ жүйесі шағын мөлтекаудандарға тартылып жатыр. Енді тапсырыс беруші ЖКХ автожолдар, тұрғын үйлер болғаннан кейін жылдың аяғына толыққанды ақшасын бөлсе, мердігер мекеме техникалық құжаттарын «ҚазТрансГазға» өткізсе, қабылдап алып жылдың аяғында газ береміз».

Сала мамандары Шардара ауданына көгілдір отын әкелу жүйесі тиянақты жүргізіліп жатыр дейді. Сондықтан келесі жылы тұрғындар 100 пайыз табиғи газбен қамтылады деп сендірді.

Әлихан Файзханов