Шардара: Жаңа үйлер ескі нысанға айналып кеткен

52

Шардарада 2016 жылы пайдалануға берілген көпқабатты үйлердің сапасы сыр бере бастаған. Тұрғындардың айтуынша, баспананың сыртқы қаптаулары түсіп, үйдің төбесінде жарықтар пайда болған. Сонымен қатар, олар тұтынып жатқан судың сапасына да шағымдарын айтты.

Шардарада осыдан 5 жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтерген көпқабатты тұрғын үйдің сиқы мынау. Сапасыз салынғандығы соншалық, Кеңес дәуірінен қалып кеткен нысан дерсіз. Сыртқы келбеті де сын көтермейтін бұл үйді мекен ететін тұрғындар, жарықтың жағдайына қатысты мәселе де бар екенін айтады.

Ал баспананың төбесінде пайда болған жарықтар едәуір үлкейіп кеткен. «Ешкімнен қайран күтпей, өз бетімізше жарылған жерін жамап қойғанбыз, бірақ еш пайдасы жоқ», дейді тұрғын Гаухар Тәжібекова.

Ал баспананың қабырғасы құдды бір бос қуыс сияқты. Сәл қаттырақ зақым келетін болса, құлап қалатындай көрінеді. Сонымен қатар, тіршілік нәрі татып алуға жарамсыз болғандықтан, тұрғындар таза ауыз суды сатып алып ішеді. Әр литрі 5 теңге.

Аудандықтағылар тұрғын үйдегі ақауларға мердігер мекеме жауапты деп отыр. Сөздерінше, олар қолданысқа берілгеннен кейін 5 жыл төңірегінде баспанада пайда болған кез — келген кемшілікті жоюға міндетті. Ал мердігер сөзінде тұрмаса, ісі сот барысында қаралатын болады.

Бауыржан Шомпиев, Шардара ауданы әкімінің орынбасары: «Нысанды тапсырған мердігер мекеменің кепілдік мерзімі бар. Егер де олар жөндеу жұмыстарын жүргізбейтін болса, мәселесі сотта шешіледі».

Шардара қаласында жалпы 75 көпқабатты тұрғын үй кешені бар. Оның 29-ы жөндеу жұмыстарын талап етеді. Қазіргі таңда 23 нысанда құрылыс ісі басталып кеткен. Ал қалған алтауының жөндеу ісіне құжаттар дайындалуда.

Әлихан Файзханов