Шымкент қаласындағы №55 мектепте оқушы бұрыш спрейін шашқан. «Тұрлан» шағынауданында орналасқан оқу орнына жедел-жәрдем қызметі тез арада жетіп, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетілген. Қазіргі уақытта балалардың жағдайы жақсы. Оларды дәрігерлер тексеріп, үйлеріне жіберген.

Шымкенттегі №55-ші жалпы орта мектепте төтенше жағдай орын алды. Мектеп оқушысы үзіліс кезінде дәлізде бұрыш баллонын шашқан. Салдарынан 7 оқушы мен 1 мектеп қызметкері зардап шеккен.

«Мұндай жағдай оқу орнында алғаш рет болып отыр» дейді мектеп директорының орынбасары.

Нұрмаханбет Абдуразаков, №55 жалпы орта мектептің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: «Бүгін сағат 9:50 шамасында 9 сынып оқушысы өзінің қорғану мақсатында әкесі алып берген газ баллонын үзіліс кезінде шашып көрген. Бұған дейін ондай жағдай болған жоқ. Жай көру мақатында шашқан. Түсіндіру жұмыстары жүргізіледі».

Оқиға орнына жедел-жәрдем қызметі келіп, балаларға алғашқы көмек көрсетілді. Дәрігерлердің айтуынша, балардың өміріне айтарлықтай қауіп төніп тұрған жоқ. Олар тек бұрыш спрейінен туындайтын жағымсыз әсерді сезінген. Қазіргі уақытта балалар толық тексеруден өтіп, үйлеріне жіберілген. Алдағы 3 күн бойы олар дәрігерлердің жіті бақылауында болады.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Бүгін №55 мектепте белгісіз адам газ баллонын шашқан деген хабарлама келіп түсті. Дереу арада біз 3 жедел-жәрдем бригадасын жібердік. 7-8 минутта жетіп барды олар. 7 оқушы және сол мектептің қызметкері қаралды. Бәріне алғашқы көмек көрсетілді. 3 оқушыны біз қалалық гипербарикалық оксигенация орталығына апардық. Оларға алғашқы көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілді. Қазір бәрінің жағдайы жақсы. Біз оларды 3 күн бақылауда ұстаймыз».

Естеріңізге салайық, 2019 жылы Қазақстанда газ спрейлерін, пневматикалық және сигналдық қаруды сатып алу ережесі өзгертілген еді. Онда өзін-өзі қорғауға арналған қаруды сатпас бұрын алдымен сатып алушының «кәмелетке толғандығын, сотталмағанын және психикалық ауытқуы жоқ екендігін растайтын құжатын» көрсетуі қажет екендігі айтылған.

Ережеге өзгеріс енгенімен, жағдай бәз-баяғы қалпында. Газ спрейлерін сатып алғысы келген адам түрлі сайттардан еш кедергісіз керегін ала алады. Тіпті, жас мөлшері де маңызды емес. Осы орайда, «ереже шын мәнінде қашан қолданысқа енеді?» деген сұрақ жауапсыз қалып отыр.

Гүлдана Дәурен