Такси бағасының қымбаттауына не себеп?

166

Шымкент тұрғындары такси бағасының күрт қымбаттап кеткеніне наразы. Бұрын төлеп жүрген бағадан екі есе, кейде одан да көп төлеуге тура келетін жағдайлар да кездеседі дейді олар. Қазіргі уақытта такси бағасы неге қымбат және олардың қызмет құнын кім қадағалайды?

Діттеген жерге жету үшін такси қызметіне жүгіну қарапайым халыққа қиынға түсе бастады. Осы орайда бағаның көтерілуіне әкелетін екі фактор бар. Біріншісі – арнайы қосымшаларда жиі болатын «сұраныстың көптігі» болса, екіншісі – бақыланбайтын баға жүйесі. Қала тұрғындары «барлығының бірдей қалтасы қалың еместігін, амалдың жоқтығынан» қымбат бағаға келісуге тура келетіндігін айтып ашынады.

«Таңертең жұмысқа кешігіп бара жатқанда, өте қымбат баға ұсынады. Бұл масқара ғой! Бұрын 500-600 теңгеге баратын едік, енді сол жерге 1300 сұрайды», дейді қала тұрғыны.

«Қазір таксиге қарағанда автобуспен барған дұрыс. Кептелісті санасақ, бәрібір сол уақыт кетеді», дейді енді бірі.

Бағаның қымбаттауы туралы арнайы қосымшалар арқылы жұмыс істейтін такси жүргізушілері де өз пікірін білдірді. Олардың айтуынша, бағаның өсуі жалақыға мүлде әсер етпеген.

«Қалада кептеліс көп, соған байланысты ғой ол. Сол кезде тапсырыс көбейіп кетсе, сол кезде қымбат шығады. тапсырыс аз кезде, арзан шығады», дейді такси жүргізушісі.

Алайда, қаладағы таксопарктерінің бірі, олар тіпті ауа райы қаншылықты қолайсыз болып, қар жауса да тек белгіленген бағамен жүретінін мәлімдеді. Таксопарк директорының сөзінше, такси шақыруға арналған қосымшалардың әсерінен олар клиенттерінің біраз бөлігін жоғалтқан. «Мынадай бәсекелес уақытта тек тұрақты клиенттердің арқасында ғана күн көріп жатырмыз» дейді олар.

Бахрам Бадалов, таксопарк директоры: «Агрегаторлар пайда болғаннан кейін бізде бәсекелестік пайда болды. Жанар-жағармайдың қымбаттауына байланысты бағалар көтеріледі, оған қоса автомобильге қажетті бөлшек заттар да қымбат».

Такси қызметтері қауымдастығы баға тек қыс мезгілінен кейін төмендейді дейді. Себебі баға, ауа райы қолайсыз болғандықтан және сұраныстың көптігінен көтеріліп жатқан көрінеді. Сонымен қатар, қызметкерлердің жетіспеуі де бұған әсер етуде. Ал, мәселенің түп төркіні елде бәсекелестіктің болмауынан және мемлекеттік деңгейде такси саласын қадағалау мекемелерінің жоқтығынан туындап отыр.

Медет Құрманов, Қазақстан такси қызметтері республикалық қауымдастығының төрағасы: «Бүгінгі таңда баға мәселесі – өте күрделі тақырып. Әрі платформалар жеке автокөлік иелеріне белгілі бір уақытта шығуға әсер ете алмайтынын ескеру керек. Жүргізушілер санын арттыру мақсатында оларды ынталандыру үшін такси қызметтерінің бағасын көтеру амалын қолданады. Сондықтан бұл процестерді ешкім реттемейді, бақыламайды. Дегенмен, такси тасымалын ұйымдастыру жұмысымен жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдіктер айналысуы тиіс».

Қымбат бағадан бөлек, тағы бір мәселе бар. Ол – таксидің жұмыс сапасының жайы.

Медет Құрманов, Қазақстан такси қызметтері республикалық қауымдастығының төрағасы: «Такси қызметімен айналысу үшін, заң бойынша жергілікті атқарушы органдарға қызметтің басталғаны туралы хабарлама жолдау қажет: тасымалдау ережелеріне сәйкес автокөлікті брондау, жолаушыларды сақтандыруды сатып алу және жылына екі рет техникалық байқаудан өту. Жеке такси жүргізушілерінің көпшілігі заңның бұл нормасын сақтамайды, тиісінше олар заңсыз тасымалдаушылар болып есептеледі».

Клиенттің бірнеше таңдауы бар: жоғары бағасына қарамастан жүргізуші шақыру немесе бағаның төмендеуін күту, болмаса көлікті жолай ұстау. Дегенмен, соңғы нұсқа әрдайым қауіпсіз бола бермейтінін ескерген де жөн.

Гүлдана Дәурен