Шымкенттіктер мен мегаполис қонақтарын қуанту мақсатында қаланың басты көшелері безендірілуде. Аталған шараға, Әл Фараби ауданының әкімдігі тарапынан 100 млн. теңге бөлінген көрінеді.
Бүгінде қала тұрғындарын таңқалдыру оңай жұмыс емес. Сол себепті, шымкенттік дизайнерлерге, шаһарды алдағы уақытта креативті безендіру жолдарын қарастыруға тура келді.
Үшінші мегаполис тұрғындары, сәулеті ерекше салынып жатқан аркаға тек қана қолдау көрсетуде.
Құрылысшылар, жұмыс нәтижесі халық үшін ерекше әсерлі болатынына сенімдіміз дейді.
Әл Фараби ауданының әкімдігі көшелерді безендіруге шамамен 100 миллион теңгеге жуық қаржы бөліпті. Дегенмен, мердігерлер ақшаны үнемдеген көрінеді. Яғни, 79 млн. теңгеге 14 шағын сәулет нысаны орнатылады.
Балтабай Смаилов, Шымкент қаласы Әл Фараби ауданы әкімінің орынбасары: «Қаланы көркейту мақсатында шағын сәулет нысандарын орнатып жатырмыз. Бюджеттен 100 миллион теңге бөлді, бірақ мердігер 79 миллион теңгені игерді. Қалған қаржы қазынаға қайтарылды. Б. Момышұлы, Тәуке хан даңғылының бойына орнатамыз. Әл Фараби көшесі және Шәмші Қалдаяқов атындағы тұйық көшеге де».
Мамандардың айтуынша, жақын арада қала тұрғындары мен шымкенттік қонақтар шаһарды аралап, естелікке суретке түсіп, әдемі декорацияны тамашалайтын болады. Сонымен қатар, бұл декорация маусымдық емес — оны жыл бойына тамашалауға мүмкіндігіңіз бар.
Аида Қарсыбайқызы