Шымкентте қызанақ пен қиярдың бағасы шарықтады. Сатушылардың сөзінше, көкөністердің келісі 100-150 теңгеге қымбаттаған көрінеді. Онымен кәді мен баклажан құны 300 ден-350 теңгеге артқан. Жылыжай иелері мұның себебін қара отынның қымбаттауымен байланыстырып отыр. «Сол себепті, алдағы уақытта көкөніс бағасы бұдан да шарықтауы мүмкін», -дейді.
Қаламыздағы базарларда көкөніс бағасы шарықтау үстінде. Сатушылар қызанақ пен қиярдың құны күннен-күнге өсіп жатқанын айтады. Бұл көкөністер, осыдан бір-екі күн бұрын ғана, келісі 450-500 теңгеден сатылған болса, қазір 600-650 теңгеге қымбаттаған. Ал, жеміс бағасы бірқалыпты көрінеді, яғни алманың келісін 350-400 теңгеге сатып алуға болады.
«Сауда жасау қиындап кетті «-деген сатушылардың сөзінше, көпшілік тауардың қымбаттығына үнемі шағымданатын көрінеді. Осыған байланысты кейбір өнімдер сұранысқа ие болмай қалыпты. Олар, көкөністі күнделікті тұтынып жүргендердің өзі, әдеттегіден мүлдем аз мөлшерде алып жатқанын айтты.
Жылыжай қожайындары да өз мәселелерін айтып отыр. Олар көмір жетіспейтіндігін алға тартып, жылыжайды жылыту қымбатқа түсіп жатқандығын айтады. Оларға көмек ретінде беріліп келе жатқан субсидия, 2018 жылы тоқтап қалған көрінеді. «Оның үстіне, былтырғы жылмен салыстырғанда көмірдің бағасы айтарлықтай қымбаттады», дейді.
Ергеш Төребеков, жылыжай иесі: «Түркіменстанда мүлдем тұтыну жоқ, электр энергиясына газға 100-1500-200-ден арзан, соларға жарасады, түрікмен қызанақтарын сатады, қызанақ бізде 250-ден -300 теңге, өзіндік құны өсіп кеткен».
Кәсіпкерлер, жылыжай ұстау тиімсіз болып бара жатқандықтан әріптестерінің үштен бірі шаруашылықтарын сатып жатыр, -дейді. Әлде де дихандар, қияр мен қызанақтың жаңа өнімін егіп жатқан көрінеді. Олар, үшінші мегаполис тұрғындарына, көкөністерді жаңа бағамен келесі жылдың сәуір-наурыз айларында ұсынатындығын айтты.
Аида Қарсыбайқызы