Министрлікке қалай шағымдану керек?

136

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесі қаралды. Жиында баяндама жасаған сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша тұтынушы құқығының бұзылуы туралы шағым саны жылдан жылға артуда. Олардың басым бөлігі қай салаға арызданады? Және бұл бағытта қандай жұмыс атқарылып жатыр?

Ағымдағы жылдың алты айында тұтынушы құқығының бұзылуы туралы 26 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Үкімет отырысында баяндама жасаған сауда және интеграция министрі бұл көрсеткіш тұтынушылық мәдениет деңгейінің өсіп жатқанын көрсетеді дейді. Айтуынша 2019 жылы министрлік тарапына келіп түскен өтініштер саны өткен жылмен салыстырғанда шамамен 4 есеге артыпты.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі: «Деректер осы саладағы проблемалардың бар екендігін ғана емес, сонымен қатар тұтынушылық мәдениет деңгейінің біртіндеп артуын да көрсетеді. Өтініштердің өсуінің ұқсас жағдайы өзге мемлекеттік органдар бойынша да байқалады. Мәселен, 2019 жылы мемлекеттік органдарға шамамен 30 мың өтініш түсті, 2020 жылы – 48 876, биылғы жылдың 6 айында 26 161 өтініш қаралды».

Тұтынушыларды толғандыратын мәселелердің басым бөлігі ұқсас, әрі жылдан жылға қайталанып келе жатыр екен. Яғни, халықтың арызы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына, бөлшек сауда, медициналық, туристік қызметтер, байланыс және көлік қызметтеріне бағытталған. Сондықтан министрлік тәуелсіз ұйымдарды тарта отырып, тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша әлеуметтік сауалнама жүргізіпті.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі: «Сауалнама нәтижелері бойынша ел тұрғындары келесі салада көрсетілген қызметтерге қанағаттанбады: медициналық қызметтер 46%, байланыс қызметтері 36%, қалалық қоғамдық көлік 35,7%. Көріп отырғанымыздай, жекелеген салалардағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласының проблемалары жүйелі сипатқа ие. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін трансформациялау басталды. Өйткені бұл салалар тұтынушыларға ұсынылатын өнімдер мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуге бағытталған».

Айта кетейік, жыл басынан бастап «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша тұтынушылардың өтінішін қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі e-tutynushy порталы қолданысқа енгізілді. Оның міндеті — тұтынушыға қажет ақпараттың барлығын бір жерге шоғырландыру, яғни кез-келген ақпаратқа тез және кедергісіз қол жеткізуге мүмкіндік жасау екен.

Мөлдір Ибадуллаева