Саунадағы сойқан! Түркістан облысында моншаға келген 4 жігітті демалыс орнының күзетшілері жабылып тепкілеп тастаған. Ауыр соққыдан 27 жастағы бір азамат ес жимастан көз жұмса, жанындағы үш досы түрлі дене жарақатын алған.
Тепкілегендер саны 15 болғанымен, бір ғана күзетші күдікті ретінде танылып, оның өзі қамауға алынбаған. Осыған наразы марқұмның туыстары құзырлы орындар өзара келісіп, істі жауып тасмақшы дейді. Өйткені төбелес болған сауна полиция қызметкеріне тиесілі көрінеді.
Қанды қылмыс мына саунада болған. Жұмыстан шыққан төрт дос кештетіп демалыс орнына суға түсуге келіпті. Бірақ, сауна бағасын қымбат айтқан соң саудаласамыз деп күзетшілермен керісіп қалған. Тіпті ерегестің соңы төбелеске ұласып, 4 жігітке оншақты күзетші жабылған. Соқталдай жігіттердің соққысынан біреуі өліп, үшеуі көгала қойдай таяқ жеген.
Ерболат Құдайбергенов, жәбірленуші: «Біз үшеуіміз сыртқа шықтық. Сыртқа шыққан кезде бәрімізге 3-4 баладан жабылды. Бәріміз осы жерде талып қалдық. Есімізді білмейміз ары қарай».
Көптің соққысынан бірінші болып Еламан Мәліков құлайды. Оны 5-6 жігіт тепкілеп, басына шығып секіріпті. 27 жасар Еламанды құтқарып қалуға болар еді дейді достары. Себебі, сол жерден өтіп бара жатқан жедел-жәрдем тоқтап, көмектеспек болғанда күзетшілер фельдшердің өзін қорқытты дейді.
Ерболат Құдайбергенов, жәбірленуші: «Жедел жәрдемге салғызбай жатты. Еламанды жаңағы күзеттегілер. Пышақ тақаған жедел жәрдемдегі балаға «әкетпейсіңдер, бұл өтірік істеп жатыр әшейін өтірік, қазір есін жинайды» деп бетіне су шашқан. Есін жинай алмай жатқан баланың басына секірді».
Еламанды ұрып өлтірген «Сокол» деген күзет агенттігінің қызметкерлері екен. Олар әрдайым осы саунада отырады дегенді естіп марқұмның туыстары жиналған еді. Бірақ, мұндағылар есікті ішінен тарс жауып алды.
Саунаның аты «Манкент» болғанымен, жергілікті жұрт Қарабаев саунасы дейді екен. Себебі, демалыс орыны Шымкенттегі Әл Фараби полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Қарабаевқа тиесілі дейді жиналғандар. Ал Еламанға 15 жігіт жабылғанымен, күдікті ретінде жалғыз күзетші танылыпты. Оның өзі қамалмағанын полиция полковнигі мен өзге құзырлы орындардың ауызжаласуы болуы мүмкін деп топшылайды жәбірленушілер.
Айкен Мәліков, марқұмның ағасы: «Осы сауна Қарабаев деген Әл Фараби аудандық ішкі істер басқармасының басшысы соның кешені болғандықтан Сайрам аудандық ішкі істер басқармасына қысым жасалған болуы мүмкін. Ішкі істер қызметкерлері ешқандай жұмыс атқармаған. Менің бауырымды адамдар тобы боп аса қатыгездікпен өлтіргені бойынша 1-ақ адамды күдікті деп ұстап, Аширбаев А.А деген Сайрам аудандық сотының судьясы ол күдіктіні үй қамаққа жіберген. Біздің Қазақстанда қашан сыйбайлас жемқорлық бітеді?».
«Сокол» күзет агенттінің кеңсесін, не басшыларын таба алмадық. Тіпті лицензиясы бар-жоғы да белгісіз. Ал, ел шулаған соң Сайрам аудандық соты күдіктіні не үшін қамауға алмағанын әлеуметтік желі арқылы түсіндіруге тырысты.
Дина Тойжанова, Сайрам аудандық сотының судьясы: «Сот жасаған қылмыстық құқықтық бұзушылық әрекетіне өкініш білдіруін, нақты тұрғылықты мекенжайы барын оған шектеулер қойып, оған қатысты үй қамақ түрінде бұлтартпау шарасын қолданған. Қаулы заңды күшіне енбеген».
Сот осылайша сұйық болса да жауап берді. Ал, сонша жігіт жабылып ұрса да, адам өлімі болса да бір ғана тұлғаға дене жарақатын салу бабымен іс қозғаған полицейлер түсініктеме берген жоқ.
Саунаның қожайыны делінген полиция полковнигімен де тілдестік. Ол әрине демалыс орыны өзіне тиесілі екендігін жоққа шығарады. Қазір, жәбірленуші тарап саунадағы қырғынға қатысты тергеуді прокурорлар жіті бақылауға алуын талап етеді.
Бек Әбиев