Шымкенттегі «Нұрсәт» шағынауданының тұрғындары шатырымыздан су ағады деп шағым білдірді. Сөздерінше құрылыс жүргізіп жатқан компания шатырды жөндемейміз деген көрінеді. Ал бұған дейін әкімшілік бар мәселені шешіп береміз деп уәде еткен екен.
«Шатырымыздан су ағады. Өзім жетінші қабатта тұрсам да 10 шелек су алдым. Ал одан жоғарылар не болып жатыр?».
Бұл «Нұрсәт» шағынауданы 135 В үй тұрғындары. Жаңбыр жауса сумен әлек боламыз деген жұрт бұған дейін тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізіп береміз деген жауаптылардың сөзіне иланғанын айтады. Алайда қазір мұнда құрылыс жүргізіп жатқан қызметкерлерден сұрай келе жоспардың мүлдем бөлек екенін аңғарған.
Олимпиада Тұрғанбаева, «Нұрсәт»шағынауданының тұрғыны: «Жылда қалай жаңбыр жауса бітті. Үстімізден, шатырымздан су ағады. Енді биыл үйіміз жөнделеді. Шатырымыз жөнделеді деп қуанып отырсақ. Өздеріңз көріп тұрғандай толық жөнделіп жатқан жоқ. Шатырдың тек су кетеді ау деген жерлерін ғана жамап берейін деп отыр. Негізі шатыр толығымен жабылады деп уәде берілген».
Халық алдына келген мердігер мекеме директорының айтуынша, бұл тұрғын үйге тек ағымдағы құрылыс үшін ғана қаржы бөлінген. Яғни, тек ғимараттың ескірген бөліктерін ғана жөндеуден өткізеді. Ол үшін 14 млн. теңге қаралыпты. Ал шатырды толық ауыстыру үшін күрделі құрылыс жұмысы керек екен. Бірақ, «су шатырдан ағып тұрған жоқ» деген маман тұрғындарды сабырға шақырды.
Марат Абдраманов, «РимСтройСервис» ЖШС-нің директоры: «Шатыр жаман емес сияқты. Біз жамадық. Ол шатырдан аққан жоқ. Суды күттік. Жаңбыр жаусын, қай жерінен ағады екен деп. Құбырдан ағады екен. Судан құбырды тескен».
Бұл сөзін дәлелдеу үшін тоғызыншы қабатқа көтерілген басшы халықтың мұңына айналған құбырды өз қаржымызға ауыстырып береміз деп қуантты. Осымен толық мәселе шешімін табады деген ол шатырды жаңалудың қажеті жоқ екенін жеткізді.
Марат Абдраманов, «РимСтройСервис» ЖШС-нің директоры: «Міне, мына жер тесік. Көрдіңіз бе? Бірақ біз бұны тегін ауыстырып береміз деп отырмыз. Осы жерден 7 этажға дейін. Сметада жоқ бұл. 10 метр құбыр алам. Істеп беремін. Міне бастысы ауруын таптық. Шатырдан су ағып жатқан жоқ».
«РимСтройСервис» ЖШС-нің директоры егер тұрғын үйде 3 жыл ішінде ақау табылса, қайта келіп жөндеп беруге әзір екенін жекізді.
Мөлдір Ибадуллаева