Солтүстікке сапар

44

2021 жылғы 11-12 қарашада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков «Өңір» депутаттық тобының мүшелері-сенаторлар Ерік Сұлтанов және Әлімжан Құртаевтармен бірге Солтүстік Қазақстан облысына барды. Сапар барысында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Асар» пилоттық жобасын іске асыру мәселелері талқыланды. Жоба «тұрғын үй және жұмыс» қағидаты бойынша жүзеге асырылады және Елбасы – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың еліміздің жұмыс күші артық өңірлерінен жұмыс күші тапшы өңірлеріне қандастарды көшіру жөніндегі тапсырмасы шеңберінде жүргізіледі.

Актив кеңесінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов делегацияға 4,5 жыл ішінде облысқа Қазақстанның басқа өңірлерінен 9000-нан астам қоныс аударушылар келгенін, олардың 90% – ы жұмыс орындарымен қамтамасыз етілгенін хабарлады.

Сенаторлар Е. Сұлтанов пен А. Құртаев облыс басшылығына қандастарды көшіру процесін жандандыруға және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Асар» пилоттық жобасын іске асыру жөніндегі бастамасын қолдауға, оны жер учаскелерімен және тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге шақырды. Сенаторлар өз тарапынан ҚР Парламенті жобаға қажетті заңнамалық және практикалық қолдау көрсететіндеріне сендірді.

Зауытбек Тұрысбеков өз сөзінде бұдан бұрын Шымкентте «Асар» агроқалашық жобасының сәтті жүзеге асырылғанын, онда қазір 26 мыңнан астам кандас тұрып жатқанын және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылғанын баяндап берді. Сондай-ақ, ол Ақмола облысының Аршалы ауданында іске асырылып жатқан «Асар» жобасын айта келіп, онда 2 жыл ішінде 8 мың кандасқа арналған 1282 коттедж шаруашылық тәсілмен салынып, 3,5 мың жұмыс орны құрылатынына егжей-тегжейлі тоқталды

Жиында Зауытбек Тұрысбеков бұл жоба іске асқан жағдайда 1860 жас отбасы (6549 адам) бүгінгі таңда еліміздің оңтүстік өңірлерінен Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударуға дайын екенін хабарлады. Бұл ретте әлеуетті қоныс аударушылардың көпшілігінде өңірде сұранысқа ие мамандықтары бар. Олар – құрылысшылар, дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер, механизаторлар, ауыл шаруашылығы қызметкерлері және басқалар.

Таяу болашақта Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Асар» агроқалашықтарын салу әдісі бойынша ондаған мың отбасын еліміздің еңбек күші тапшы өңірлеріне қоныс аударуын ұйымдастыруға қатысуға дайын.

Жұмыс сапары барысында Қ. Ақсақалов қонақтарды Петропавл қаласында салынып жатқан және жұмыс істеп тұрған әлеуметтік және өнеркәсіптік индустрия объектілерімен, «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде тауарлар өндірісімен таныстырды. Сондай-ақ, делегация Қызылжар қаласының «Арай» және «Оңтүстік» шағын аудандарында тұрғын үй салу үшін инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым жүргізіліп жатқан телімдерді барып, көрді.