«Тұран» шағынауданында халыққа барлық жағдай жасалған»

295

2022 жылы үшінші мегаполистің ең ірі шағынауданы толық аяқталады. Осылай деген қалалық құрылыс басқармасының басшысы «Тұран» шағынауданында 88 көпқабатты үй салу жоспарланғанын жеткізді.

Жалпы кезекте тұрған 138 мың шымкенттіктің бес мыңнан астамы осы аймақтан баспана алуға мүмкіндігі бар екен. Сондай-ақ, шағынауданда 1200 орындық жаңа мектеп пен саябақ салыну да жоспарланып отыр.

Әбілсейіт Рабаев, Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы: «Қосымша ол жерге үлкен 38 гектар жерге саябақ салу жоспарланған. Ол үлкен саябақ болмақшы. Ішінде теннис орталығы бар. Және де қосымша осы мөлтекауданда да ішінде жаңағы балабақша және мектеппен қамтамасыз ету жоспарланған».

Басқарма басшысының айтуынша алдағы уақытта шағынаудан тұрғындары инфрақұрылымнан, оның ішінде жарықтан қиындық көрмейді. Сондай-ақ, көпқабатты тұрғын үйдің сапасы да жоғары болмақ. «АРТҚұрылыс» ЖШС құрылысқа 85 пайыз отандық өнім қолданатын көрінеді. Айта кетейік, аталмыш құрылыс компаниясының өзі жыл соңына дейін осы шағынауданда орналасқан 5 үйді тапсыруды көздеп отыр екен.

Данияр Аят, «АРТқұрылыс» ЖШС өкілі: «Біз қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары, жалпы ішкі жұмыстармен айналысудамыз. Сапасы өте жақсы. Өзіміздің өнімдермен де жасалынған. Жыл соңына дейін 5 үйді тапсырып халыққа өткіземіз».

Ағымдағы жылы құрылыс басқармасына бюджеттен 28,2 млрд. теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 15 пайызға жоғары. Жалпы жыл басынан бері 79 үйдің құрылысы басталған болса, биыл оның 39 қолданысқа беріледі. Оның 33-і несиелік баспана, ал алтауы арендалық тұрғын үй екен.

 Мөлдір Ибадуллаева