Түркістан облысында жалпы ұзындығы 321 шақырымды құрайтын жол ағымдағы жылдың соңына дейін ақылы негізге ауысады. Ақылы жолдар 3 бағытты қамтиды.
Олар: «Шымкент-Ташкент» бағыты – 84 шақырым, «Шымкент-Қызылорда» бағыты – 195 шақырым, «Шымкент-Тараз» бағыты – 42 шақырым. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ Түркістан облыстық филиалының директор орынбасары Нұржан Беков мәлімдеді.
Оның айтуынша, көлік құралдарының транзитін үздіксіз бақылауды қамтамасыз ететін қажетті жабдықтарды орнату жұмыстары толығымен аяқталған. Ол көліктердің транзиттік өтуін үздіксіз бақылауды қамтамасыз етеді. Жол бойларында шлагбаумдар болмайды және қозғалыс шектелмейді. Түркістан облысының аумағында барлығы 11 аралық бақылау аркасы орнатылған. Ақылы негізге ауысқанға дейін аталған жолдардың сапасы талапқа толық сәйкестендірілмек.
«Төлемдер бойынша аталған 3 бағытта жүру үшін жеңіл автокөліктерге 1 шақырымға 1 теңге белгіленсе, 16 орынға дейінгі қоғамдық көліктер мен салмағы 2,5 тоннаға дейін көлік иелері 1 шақырымға 5 теңге төлем жасайды. Ал 32 орынға дейінгі қоғамдық көліктер мен салмағы 5,5 тоннаға дейінгі көліктерге 1 шақырымға 10 теңге белгіленсе, 32 орыннан көп жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктер мен салмағы 10 тоннаға дейінгі көлік иелері 1 шақырымға 15 теңге төлейді. Сондай-ақ, салмағы 10 тоннадан жоғары көлік иелері әр шақырым жолға 20 теңге төлесе, 15 тоннадан ауыр көліктер үшін 1 шақырымға 25 теңге», — деді Нұржан Беков.
Ақылы жолдарға төлем жасау үшін автокөліктің мемлекеттік нөміріне шотты толтырудың бірнеше нұсқасы қарастырылған. Атап айтқанда, QAJ mobile, Kaspi.kz, Kiwi-әмиян, ForteBank т.б.
Айта кетерлігі, қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі арнайы автокөлік құралдары аталған 3 бағытта тегін жүреді. Олар: жедел медициналық жәрдем көліктері, өртке қарсы қызмет, авариялық-құтқару қызметтері, патрульдік полиция, әскери техника көліктері.