Әлем қазақтарының қамқоршысы

154

 

«Әр қазақ – менің жалғызым» деген қанатты сөз тағдыр тәлкегімен тарыдай шашыраған қазақ қандастарымызға арналғандай. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының V құрылтайында Төрағаның бірінші орынбасары болып, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбеков сайланған болатын.

Елбасының сенімді серігі, қазіргі лауазымы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары, саналы ғұмырын Қазақстанның өркендеуіне арнаған арқалы азамат. Қазақстанның тарихын бүге-шегесіне дейін зерттеген, даналығы мол, кемеңгер, білімді, білгенімен, оқығанын, жадында сақтағанын сағаттап айтып, білгенімен бөлісетін, сөзге шебер Зауытбек Қауысбекұлы 70 – жасқа толып отыр.

Сізге деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз. Аяулы анаңыздың ақ батасының арқасында, халқыңызға тынбай қызмет ете беріңіз.
Кезінде Көші-қон агенттігінің төрағасы болған Зауытбек Қауысбекұлына қауымдастық жұмысы таныс болатын. Қандастарға баспана алу мәселесін шешіп, елге келген алғашқы зиялы қауым өкілдеріне қамқоршы болған, алғашқы қазақша дайындалған Көші-қон заңының қабылдануына оң ықпал еткен, жалпы қандастар арасында да танымал тұлғаның басшы болып келуі ағайындар арасында да жақсы қабылданған болатын.

Қызметке келген күннен бастап қолға алған шаруа қандастардың әл-ауқатын көтеру, елге келем деушілерді бірінші кезекте баспанамен және жұмыспен қамту, Солтүстік аймақтарға қоныстандыру болатын.

Зауытбек Қауысбекұлы саналы ғұмырын қазақ халқының өткен тарихын зерделеп, жас ұрпақты тәрбиелеуге арнады. Ботасы келсе, атасы артынан келер,- деген ұстанымды ұстап, алыстағы ағайынды елге тартудың бірден-бір жолы, жастарға Қазақстанды барынша таныстыру, осы бағытта жаңа жобалар жасалуда. Н. Назарбаев зияткерлік мектебіне барып, басқарма төрағасы Шамшидинова Күләш Ноғатайқызымен ұзақ мәмле жасап, алыстағы ағайынның балаларын бір ай елге әкеліп, осы айтулы мектепте демалыс пен бірге қазақстанның тарихын оқытып, домбыра, ұлттық қолөнер бұйымдарын жасап және үйренуін жолға қойды.
Киелі Қазақстан жобасы іске асты, жылына бір мәрте шетелдегі қандастарды Қазақстанның киелі жерлерін аралатып, тарихымен таныстырып отырмыз. Жылда өткілетін «Қасиетті қазақ елі» атты өнер фестивалі шетелдегі өнерлі жастарды елге әкеліп өнерін көрсетіп, өздерін таныстырады.

Балдәурен оқу сауықтыру орталығына бұрын 150 бала демалса, оны екі есеге көтеріп 300 балаға жеткіздік. Осы іс-шаралардың басы-қасында өзі жүріп, ашылу салтанатына қатысып, бүлдіршіндерге ақ жол тілейді.

Баспана және жұмыс мәселесін түбегейлі шешу үшін, мемлекетке асар жобасында тұрғызылатын тұрғын үйлер жобасын ұсынды. Сенат депутаттарынан жұмысшы тобын құрып, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Ақмола облыстарын аралап, әкімдермен кездесулер өткізді. Жобаны тездетіп іске қосу үшін парламент пен сенетта тыңдау өтті.

Ұзақ жылдар мемлекеттік жоғары лауазымдарда қызмет атқарған Зауытбек Қауысбекұлы туған жерінің тәуелсіздігі үшін ерен еңбек етіп, сол жолда әлі күнге дейін тер төгіп, аянбай қызмет етіп келе жатқан азамат. Елу жылға жуық тынымсыз еңбек етіп, адамдық келбетімен, адамгершілік қасиетін жоғалтпаған, бұл кісінің еңбегін тізіп шығу мүмкін емес, дей тұрсада басты-бастыларын атап өтуді жөн көрдік.

Зауытбек Тұрысбеков 1993-1997 жылдары Түркістан облысының (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) әкімі болып тұрғанда Бәйдібек ата кесенесін тұрғызу туралы шешім қабылдаған. Экономикалық қиын кезеңдерді бастан өткерген елде осы игі іске қажетті құралдарды таба білді. Қажылық орнына айналған Оңтүстік Қазақстан облысында бірегей нысан осылай пайда болды.

Бір мезгілде дерлік кесене жанынан «Бес ана» ескерткіші пайда болды. Білікті басшы Зауытбек Тұрысбековтың басшылығымен өңірде тағы бірнеше тарихи-мәдени нысандар бой көтерді. Соның бірі – халық арасында «Домалақ ана» атанған Нұрила апа кесенесі. Содан бері Маңғыстаудан әкелінген ақ тастардан тұрғызылған бұл кесене туралы ел арасында қауесет тарады. Қазір бұл кесене туристерді қызықтыратын нысандардың бірі.

Ендігі кезекте Ордабасы төбесінде әділ сот жүргізіп жатқан үш бидің бірігуі құрметіне стелла орнату болды. Әділдік пен бірліктің символына айналған Төле би, Әйтеке би, Қазыбек билердің ескерткіші бүгінгі ұрпаққа серпін беруде. Ел тарихын жаңғыртуға бағытталған игі істері мұнымен шектелмейді.

2007 жылы Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалғаннан кейін көп ұзамай көрші елдегі Қазақстанның тарихи ескерткіштерін жаңғыртуға бел буды.

Ал ең алдымен Науаи өңіріндегі Нұра ата қаласында Әйтеке би мен оның атасы Сейтқұл әулиенің кесенесін тұрғызды. Өзбекстан билігін жобаны қолдау қажеттігіне көз жеткізген ол кесенені бірте-бірте тарихи нысанға айналдырды. Ең күрделі мәселе қаржы табу еді, сол жобаны қаржыландыруға Зауытбек Тұрысбеков кәсіпкерлерді тартты.

Өзбекстан билігінен ресми рұқсат алғаннан кейін Төле би кесенесін қалпына келтіруге кірісті. Осы мақсатта Ираннан 7 тонна жартылай асыл тас – оникс арнайы әкелініп, бұл кесене бұрын аталған Қарлығаш би атауы ресми құжаттардан жоғалып кеткен. Содан кейін кесенедегі ішкі тасқа Төле бидің есімі жазылған. Өте нәзік, кез келген сәтте шырт етіп сынып кететін жартылай асыл тасты орналастыру да оңайға түспеді, Алла жар болып бәрі ойдағыдай біткен болатын.

Самарқанд пен Бұхардың ең таңдаулы шеберлеріне кесененің ішінен алтын-күміс қаптауды бұйырды. Бұл жоба сәтті жүзеге асырылғаннан кейін Зауытбек Қауысбекұлы Ташкентте 2 гектар аумақта Қазақстан Елшілігінің ғимаратының жобасын әзірлеуге күш салды.

Кереметтей ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеті бар тұлға көп ұзамай Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, сол жерде ол игі істерін жалғастырды.

Зауытбек Қауысбекұлы өзінің ерекше қабілетінің арқасында орыс дипломаттарын сендіріп, Астраханьда биіктігі 21 метр Бөкейхан кесенесін тұрғызды. Бірақ алдымен Жәңгір ханның анасына 10 метрлік ескерткіш орнатты.

Ал Ржев қаласында Ұлы Отан соғысы даласынан оралмаған 100 және 101-ші дивизия қазақтарының есімдері жазылған, оқуға болатын ескерткіш орнатылды. Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы жылында Крюково стансасындағы Мәскеу мектебіне ұлы батырдың есімі берілді және күрделі жөндеуден өткізді. Сонымен қатар атақты Әлия Молдағұлова оқыған мектепте де үрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсаттарға Ақтөбе және Жамбыл облыстарының демеушілері – кәсіпкерлері 1 миллион АҚШ долларын бөлді. Бұл жұмыстардың барлығы Зауытбек Тұрысбековтың тікелей бақылауымен және қолдауымен, ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Бірақ Қазақстан тарихын қалпына келтіру жұмыстары мұнымен біткен жоқ. Зауытбек Қауысбекұлының ұсынысымен Мәскеудегі Покровский бульварында Тұрар Рысқұловты еске алуға арналған стела орнатылды. Сонымен қатар, Ресей астанасының дәл орталығында 28 панфиловшыларды еске алуға арналған метро станциясы салынды.

Ресейдегі дипломатиялық миссиясын аяқтаған соң, Зауытбек Тұрысбеков дипломатиялық қызметін Украинада жалғастырды.

Харьковте қазақ әскерлерінің 106-дивизиясына ескерткіш пайда болды. Сол қанды соғыста ел қорғап қаза тапқандар, Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтар туралы «Отан үшін отқа» деректі фильмі түсірілді. Айтпақшы, фильмге арналған ақпарат олардың әртүрлі мұражайлары мен мұрағаттарынан біртіндеп жиналды.
Жалпы, Зауытбек Қауысбекұлының қазақ жерінің гүлденуіне қосқан үлесі ұшан теңіз, жер ана тіріңде төрің, өлгенде көрің, қаншама ұлттар отансыз тентіреп жүр, қасиетті қазақ жерін көзімнің қарашығындай сақтау менің перзенттік борышым, мұны естен шығаруға болмайды, бұл менің ұстанымым,- дейді әр сөзінде.
Мерейлі жасыңыз құтты болсын, тағдыры толғандырған әлем қазақтарының атасы және қамқоршысы болыңыз. Алға қойған барша мақсаттарыңыз орындалып, қазақ даласы гүлдене берсін.

Қарлығаш Бекпатшақызы,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының кеңесшісі