ӘЛЕУМЕТ ПЕН ӘЛЕУЕТ ерік-жігер мен табанды еңбектің нәтижесінде артады

137

 

 

Соңғы кезде Зауытбек Қауысбекұлының тірлігі қат-қабат. Үнемі байыз таппай қандастардың жайымен шапқылап жүргені. Биылғы басты шаруасы – Ақмола облысының Аршалы ауданындағы салынып жатқан ауыл шаруашылығы кешені болды.

Бұған дейін бір-екі жыл құрылыс басталатын жерді рәсімдеу мен тиісті құжаттарды реттеу шаралары жүрді. Араға індет деген бәле килігіп, бір жыл уақыты текке кетті. Биыл жер телімдері иелері есебінен 35 миллион теңгеге жаңа елдімекеннің инфрақұрылымдық жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Бастама қоғамдық ұйымның тарапынан болғандықтан бұл шағын ауданның инфрақұрылымын салуға қаражат Ақмола облысы әкімдігінің бюджетінде қарастырылмаған еді. Осыған орай ол Ақмола облысына қосымша қаражат бөлу мәселесі бойынша Үкімет пен Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына неше мәрте барды. Табанды еңбектің нәтижесінде мәселе оңтайынан шешіліп, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин жаңа елдімекеннің инфрақұрылымын салдыруға 5,5 миллиард қаржы бөлдірді. Алайда одан кейінгі кезең – мемлекеттік тапсырысқа енгізіп, тендер өткізу жайы өз қиыншылығымен бұлталаққа салып, жүріп алды.
Инфрақұрылымды жүргізуге Үкіметтің нақты шешімі шыққаннан кейін-ақ, мамыр айының басында жерге қоныстандыру мамандары мен участоктың пішіні мен мөлшерін анықтайтын геодезисшілер, жер иелері, құрылыс мамандары барып, ел игілігіне айналар істің алғашқы жұмысын бастап кеткен. Жаз бойы солардың ортасында болды, ал Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары Ибадулла Қалыбеков тұрғындармен бірге күнелтті. Қас қылғандай дүние қымбаттап, істі дөңгелетіп әкетуге қолбайлау бола берді. Сөйтсе де асарға жұмылған азаматтардың ерік-жігерінің арқасында қар түскенше отызға тарта котедж бой көтеріп, сап түзеп қалды.

Әуелгіде қоңылтақсыған көңілі сәл саябыр тапқандай байқалған. Әйткенмен, Елбасының 2017-жылғы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында берген тапсырмасы жадына оралғанда, бұл тірлігі өзін қанағаттандырмады. Қандастарды қоныстандыруға квота бөлінген теріскей аймақтағы облыстар әлі бұрынғы қалпынан өзгере қойған жоқ. Қазақстаннан сыртқа көшкен жұрттың қарқынынан солтүстік облыстың халқы тіпті селдіреп қалған. Жұмыс күші тапшы, ал керісінше оңтүстік өңір адамның көптігінен әлеуметтік мәселелерге ұрынып отыр. Осы бір түйткілі көп жайды талқылап, ақылдасу үшін қайыра ҚР Парламенті Сенатына ат басын бұрды.
Сенат спикерінің орынбасары Нұрлан Мәжитұлы Абдировқа жолығып, ол кісіге жай-жапсарды ұғындырды. Вице-спикер ел игілігі үшін басталған істің ұтымдылығын байқаған соң, қолдау білдірді. Азаматтарды еліміздің еңбек күші артық аймақтардан еңбек күші тапшы өңірлеріне көшіру, қоныстандыру шарасын бойынша «Өңір» депутаттық тобын құрып, сенатор Ерік Сұлтановты топтың жетекшісі етті. Зауытбек Қауысбекұлы жүргізіліп жатқан жұмыстың жай-күйімен таныстыру үшін Ерік Хамзаұлы бастаған «Өңір» депутаттық тобын Ақмола облысы Аршалы ауданындағы котедждер кешеніне алып келді. Сенаторлар бір үлгідегі бой түзеген үйлерді көріп, ризашылығын жасыра алмады. Сондағы тұрғындармен, аудан басшылығымен жолығып, жай-күйлерін сұрап, жағдайларымен танысты. Мына үйлердің республикалық бюджет емес жеке қаражатқа салынып жатқанын, 8 мың қандасқа арналған бір үлгідегі 1282 коттедж бой көтеретінін, оның ар жағында 300 гектар жерге мал бордақылау кешені салынатынын, тұрғындар сонда еңбек ететінін, жалпы мұнда кемінде үш жарым мың адамға жұмыс орны ашылатынын білгенде қызығушылықтары арта түсті. Сөйтіп, осы асар моделін қолдана отырып, өзге аймақтарға да елді қоныстандыру мәселесін шешуге болатындығын ұғынды. Нәтижесінде «Өңір» депутаттық топ мүшелері Ерік Сұлтанов, Әлімжан Құртаев, Алтынбек Нұхұлы, Жеңіс Нұрғалиевтар Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарына іссапарға аттанды. Олардың жанында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары З.Қ. Тұрысбеков үнемі бірге жүрді.
Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс күші тапшы екенін көздерімен көрді. Әкімшілік 1300 отбасыға жер телімін бөлуге әзір, бірақ оған қолданыстағы заң нормалары мүмкіндік бермейтінін облыс әкімі Құмар Ақсақалов жеткізді. Ресми топты бастап, Петропавл қаласының инфрақұрылымы даяр тұрған «Южный», «Солнечный-1», «Солнечный-2» ықшам аудандарына алып келді де:
– Қоныстанушыларға осы ықшам аудандардан жер бөлуге болады, бірақ оған заң көтермейді. Біріншіден, ол адамдардың өңірге қатысы жоқ әрі кезекте тұрған жергілікті жұрт өкілдері бар, – деді қайраны таусыла. Әрине, әкімді облыс аумағындағы 500 мыңнан сәл асатын тұрғындардың көлемі алаңдатады.
Түйткілді мәселелерді көкейлеріне түйген топ Павлодар облысына қарай бет алды. Келгенде көргендері – Екібастұз қаласының аумағында жеке тұрғынүй құрылысы үшін 1 мың гектар және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін 1 млн. гектарға жуық жерді игеруге өңірдің әлеуеті бар екен. Тек халықты қоныстандыру жөніндегі заңға өзгеріс енгізу керектігін ұқты.

Ал Қостанай облысындағы «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ-на бүгінде 900 маман қажет болып шықты. ССТӨБ оларды жұмыс күші артық өңірлерден көшіріп алуға да әзір екен. «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-гі де өз қатарына қосымша 500 маман тартуға мүдделі. Салынып жатқан «КАМАЗ» зауыты құрылысы да 500 жұмысшыға зәру. Ауыл шаруашылығы техникасын өндіру жөніндегі өнеркәсіптік кәсіпорын «Агромашхолдинг КЗ»-ке де 180 маман жетіспейді. Сөйтіп, тек осы кәсіпорындардың ғана кадрларға деген жалпы мұқтаждығы шамамен 2200 адамды құрайды.

Сондай-ақ, «Олжа агро» кәсіпорны да оңтүстік өңірлерден 2000 отбасын көшіріп әкелуге мүдделі. Оларды мүйізді іріқараларды өсіруге жұмылдырмақ.
Мұны естіген Зауытбек Қауысбекұлы:
– Егер Қостанай облысының орта арнаулы оқу орындарында білім беріп, содан кейін жұмысқа орналастырып және жеке тұрғынүй құрылысы (ЖТҚ) үшін жер телімдері бөлінген жағдайда, оңтүстік өңірлердегі қандастар арасынан жастардың қоныс аударуын қамтамасыз етуге Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы дайын, көмектесеміз, – деді.

Осы іссапардың нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында 30 қарашада «Азаматтарды еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен еңбек күші тапшы өңірлеріне көшіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың барысы туралы» арнайы кеңес өтіп, онда қандастар мен азаматтарды солтүстік аймаққа қоныстандыру жайы қаралды. Сөйтіп, бұл жиынның өтуіне Елбасының Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында берген тапсырмасын орындау барысында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары З. Тұрысбеков Қазақстан Республикасы Парламентінің «Өңір» депутаттық тобы мүшелерімен тығыз жұмыс жасауы себеп болды.

Жиынға «Өңір» депутаттық тобының мүшелері 17-і сенатордан бөлек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Е.С. Біржанов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Р.Ж. Құрманов, Білім және ғылым вице-министрі Қ.А. Ерғалиев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Т.Ж. Қарағойшин, Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлік даму департаментінің директоры Д. Жұмбайбек, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Н.А. Әбдірахманов, «Отбасы банк» тұрғынүй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрайымы Л.Е. Ибрагимовалармен бірге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұ.Қ. Тәжібаев, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі орынбасары Ғ.С. Нығметов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары М.Ж. Өтешов, Қостанай облысы әкімінің орынбасары В.Н. Ионенко сияқты өңірлердің өкілдері болды.

Мәселелерді екжей-текжейлі қарай келіп, «Өңір» депутаттар тобы жетекшісі Ерік Сұлтанов халықты қоныстандыруға қатысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жоба Парламентте талқыланып жатқанын жеткізді. Енді осы құжатқа ұсыныстар берілмекші. Соның нәтижесінде қандастарға кедергісіз жер бөлу мәселесі талқыланып, пысықталып шешілмек.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өз ұсыныстарын білдірді. Ол бойынша ең бірінші қоныстандыру аймағын анықтау. Екінші, қандастарымыз бен жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныс аударушыларға «Асар» бағдарламасына қатысушы мәртебесін беру. Үшінші, «Асар» жобасына қатысушыларға жерді топтап бөлуі тиіс. Мысалы, бес жүз отбасын бір маңға қоныстандырса, олар өз ортасында жүріп, жаңа мекенге тез бейімделеді. Сондай-ақ, жер бірден оның меншігіне өтіп кетпейді, атына ғана тиесілі болады. Оғанға дейін жер телімдері әкімдіктердің жанындағы дербес бөлімдердің (мысалы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация «Сарыарқа») балансында тұрады. Үй толық салынып біткенде адамдардың атына ауыстырып береді. Баспана құнының 50 пайызын мемлекет төлеп, 50 пайызын азаматтар өз есебінен салады. Он жылға дейін ол үйді сатуға құқы болмайды, содан кейін баспана оның меншігіне өтеді. Әуелгіде, солтүстікке қоныс аударғаны үшін көтерме қаржы және 1 жылға жалға алатын баспана ақысы төленуі тиіс. Міне, осы тәсілді қолдана отырып, асар амалымен кешендерді қысқа мерзімде әрі сапалы салуға болады.

Егер осы жоба жүзеге асқан жағдайда кемінде алты күрделі мәселе шешімін табады. Біріншіден, қоныс аударушы бақшаға қолайлы жерден сапалы әрі арзан баспана салады. Екіншіден, жұмыс орны мен ауыл шаруашылығы бизнесіне қол жеткізеді. Үшіншіден, жұмыс күші тапшы аймақтардағы бос жұмыс орындарын толықтырады. Төртінші, қала ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіледі. Бесіншіден, халық тығыз орналасқан аймақтарда жұмыссыздардың, аз қамтылғандардың саны азайып, әлеуметтік жағдайдың ушығуы азаяды. Алтыншыдан, елдегі демографиялық ахуал реттеледі.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары З.Қ. Тұрысбековтың ұсыныс-пікірі сенаторлар тарапынан қолдау тауып, ел иігілігіне қызмет ететін шаруалардың жүріп кетуіне олар заңдық-нормалық қамтамасыз етуді басшылыққа алатын болып ұйғарылды. Тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері де бұған қарсылық білдірмеді. Ортақ мәміле – түпкілікті нәтижеге апаратыны мәлім.
Күллі саналы ғұмырын мемлекеттік қызмет пен ел игілігіне арнаған З.Қ. Тұрысбеков өмірдің талай сындарынан өткен, әбден шыңдалған шағында. Жаратушы пендесін бақытты ету үшін небір қиындықтарды пешенесіне жазып, сынақтарға алады екен. Бәлкім содан комсомол мектебінен шыңдалып шыққан ол Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, Көші-қон және демография агенттігінің төрағасы, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы, Ішкі істер министрі сияқты жауапты қызметтер атқарып, кейіннен Өзбекстан, Россия, Украина тәрізді бірқатар елдерде Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі болды.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі лауазымында жүргенінде халықтың киелі орындарына айналған Домалақ ананың, Бәйдібек бабаның кесенелері мен Ордабасыда үш бидің ескерткішін тұрғызды. Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарғанында қазақстандық кәсіпкерлермен бірге Ташкенттегі Ұлы Төле би кесенесін қайта құру және Нұрата қаласының маңында Әйтеке би кесенесін салу бойынша жұмыстарды ұйымдастырды. Бүгінде ол жерде зиярат орнына айналған абаттандырылған керемет кешендер бар.
Сондай-ақ, Ресейдің Астрахан облысы, Краснояр ауданындағы Бөкей хан кесенесінің салынуына да кәсіпкерлерді жұмылдырып, тікелей ықпал етті.

Орынбор қаласындағы 1917-1920 жылдары алғашқы Қазақ Үкіметі Алаш Орданың мәжілістері өткен және 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінің редакциясы орналасқан әрі оның бас редакторы Ахмет Байтұрсынов тұрған үйлерге 2010-жылы ескерткіш тақталар ілдіріп, салтанатты түрде ашылу рәсімін ұйымдастырды.
Бұған қоса Қазақстан мен Ресейдің көрнекті мемлекет қайраткері, РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов өмір сүрген Покровский бульварындағы №14 үйде мемориалдық тақтаның ашылуына ұйытқы болды.

Ұлы Жеңістің 65 жылдығы аясында Ржев жерінде қаһармандықпен жаумен шайқасқан қазақстандық 100-інші және 101-інші атқыштар бригадасының сарбаздарына арналған ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың атынан Мемориал тұрғызылды. Онда гранит тақталарда Ресейдің Қорғаныс министрлігінің Подольскідегі орталық архивінен тапқан 10 мыңға жуық қазақстандықтардың есімдері қашалған.

Сонымен қатар, 2010-жылы Мәскеудегі Әлия Молдағұлова атындағы мектепке жаңарту жұмыстары жүргізілді. Кеңестер Одағының батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай келесі бір мектепке даңқты қолбасшының аты беріліп, оған күрделі құрылыс жұмыстары жасалды. Екі мектепте де батырларға бюст қойылып, олардың мұражайлары ашылды.

Қазақстандықтардың Ұлы Жеңіске қосқан үлесін мәңгі есте қалдыру үшін және Мәскеу түбіндегі шайқаста маңызды рөл ойнаған аты аңызға айналған Панфилов дивизиясының құрметіне Мәскеу үкіметі Братеево аймағында салынған метро стансасын «Алматы» деп атау туралы шешім қабылдады. Осы ұйғарымның түпкілікті бекуі үшін З. Тұрысбековтің еңбегі зор.

Мұндай шаралар Украина елінде де жалғасты. 2014-жылғы 8 мамырда Харьков облысының Красноград қаласында 106-шы Ақмола атты әскер дивизиясы жауынгерлерінің құрметіне арналған еске алу стеласының салтанатты ашылуы өтті. Стела Харьков қалалық «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің көмегімен және З.К. Тұрысбековтың жеке қаражатына орнатылды. Онда «106-шы қазақ атты әскер дивизиясының қаһарман сарбаздарына алғыс білдіретін қазақстандықтардан» деген сөздер қашалып жазылған.

Бүгіндері З.Қ. Тұрысбеков «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Төрағасының бірінші орынбасары лауазымында қызмет етеді. Қазақ ұлтын шоғырландыруға, ұлттық бірегейлікті сақтауға, қандастарды тарихи Отанына көшіру процесі мен оның демографиялық әлеуетіне ықпал етуге, қазақ диаспорасына қатысты мемлекеттік саясатты іске асыруға әрі шетелде тұратын отандастармен мәдени байланыстарды нығайтуға барынша атсалысуда. Оның басшылығымен 2003-інші жылдардың соңында Шымкент қаласында қандастарға арнап асар әдісімен салған «Асар» ауданы көркейіп, сырттан келген ағайынның алтын ұясына айналған.

Аталған ықшам аудан Зауытбек Қауысбекұлының оң қолы болып кеткен Ибадулла Жантөреұлының жұртты жұмылдыруымен 2003-жылы басталып, 2011-жылы толықтай салынып бітті. Барлығы 1725 котедж және 960 пәтерлік 30 көпқабатты үйлер тұрғызылды. Осы баспаналарда 2800 отбасы екі қабатты котеджде, 960 отбасы көпқабатты үйлерге қоныстанды. Сол кезде 19 мың тұрғыны болса, қазір халық саны 26 мыңға өсті. Жеті мың жұмыс орны ашылған. Төрт орта мектебі бар. Оқу жасындағы балалардың көптігінен былтыр екі қабатты сауда үйін мектепке айналдырған. Биылғы оқу жылында 1-ші класқа барған сәбилер төрт мектепте 17 сыныпты құраған.

Ойлап қарап отырсақ, Зауытбек Қауысбекұлы қайда жүрсе де, қандай салада қызмет атқарса да тірілердің парызы үшін аруақтарды ұмытпай бастарына кесене көтеріп, аруақтардың ризашылығы үшін мұқтаж халықтың төбесіне баспана салып, тынбай еңбек етіп келеді. «Асар» ықшам ауданының құрылысын ұйымдастыра бастағанда, тіпті, бұл салаға қатысы жоқ Ішкі істер министрі екен. Соған қарамай сырттағы ағайынның тарихи Отанына келіп қоныстануына барынша ықыласын аударып, қажыр-қайратын жұмсаған.

Таяуда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен Тәуелсіздік пен Ұлы көштің 30 жылдығына арналған дөңгелек стол өтті. Онда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбеков және елдегі көші-қон мәселесіне қатысы бар Уәлихан Қалижан, Әкім Ысқақ, Марат Тоқсамбаев, Сұлтанәлі Балғабаев, Амангелді Доғалов, Ботагөз Уатханқызы тәрізді қайраткерлер мен ардагерлер бас қосты. Бірқауым жұрт шараға әртүрлі мемлекеттерден онлайн арқылы қатысып, пікір алмасып отырды.

Жиынға қатысушылар тарих беттеріне үңіліп, Елбасы мемлекет тізгінін қолына алған кеңестік дәуір кезеңде-ақ Атажұртқа сырттағы қазақты әкелу жөнінде көп толғанғандығына тоқталды. Өйткені, мемлекет құраушы ұлт азшылықта еді.
Міне осы олқылықтың орнын толтыру үшін Қазақ КСР Министрлер Кабинетіне тапсырма беріп, 1991 жылғы 18 қарашада № 711 қаулысын қабылдатты. Бұл – қандастарымыздың тарихи Отанына оралуына жол ашқан тарихи құжат еді. Шет елдегі қандастарымызды ауылдық жерлерде еңбек етуге жұмылдырып, оларды қоныстандырудың жайын үйлестіруге негіз болды.

Осы тарихи құжаттың өмірге келуінен соң іле-шала Елбасы «Алыста жүрген ағайынға ақ тілек» атты жолдауын жариялап, сырттағы қандастарымызды Атажұртқа шақырды. Ел деп елеңдеп отырған бауырларымыз содан соң тарихи Отандарына қарай атбасын бұрды.

Осы тұстарда Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып жүрген Зауытбек Қауысбекұлына қолқа салып, Көші-қон және демография агенттігін басқаруды ұйғарды. Сөйтіп, халықтың көші-қонына байланысты мемлекеттің саясатын жүргізді. Күні бүгінге дейін жүргізіп келеді. Ол тұста Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев еді. Көштің іркіліссіз ағылғанынан «Қазақтың Қалдарбегі» атанған оған мемлекет тарапынан тікелей көші-қон агенттігі арқылы ұдайы қолдау болып тұрды.
Тарих беттерінен шежіре тарқатқан осы жиынға қатысушылар көптеген ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Қолданыстағы Көші-қон заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, қазақ көшінің жылнамалық шежіресін шығаруды қолға алу қажет екені айтылды. Сондай-ақ, бүгінгі Тәуелсіздігіміз бен Ұлы көштің аясында ел тарихындағы елеулі сәттер жөнінде әңгіме қозғалып, қандастарды қазіргі қоныстандыру жайына кеңінен тоқталды.

Жиынды қорытындылаған Зауытбек Қауысбекұлы «Осындай тәжірибе барда халықты теріскей өңірлерге қоныстандыру мен өңірді жұмыс күшімен қамту тиімді әрі жылдам жүзеге асатынына сенімдімін. Халқымызда «Жер-ана тірімізде – төріміз, өлгенде – көріміз» деген сөз бар. Кімде ел болса – жер соныкі» деп түйіндеді. Бабадан балаға мұраға қалған жердің ұлтарақтай бөлігі де жаттың еншісінде кетпеуі тиіс деген пайымды аңғарасың.

Адамның іс-әрекеті ғана оның қандай тұлға екенін танытады. Сөз әркезде айтыла береді, байыппен бақыласаңыз, көп ұзамай ақиқатты көресіз. Біз көрген ақиқат – шабысынан танбаған жүйріктей Зауытбек ағамыз әлеумет пен әлеуеттің артуы үшін бар өресін салып келеді.

Халықтың ықыласы мен алғысына бөленген азамат ерен еңбегі үшін «Құрмет», «Парасат» ордендері және медальдармен марапатталған екен. Жақында ғана Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында Президент Жарлығымен 3-дәрежелі «Барыс» орденін жарқыратып өңіріне қадады. Сондай-ақ, ол – Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері. Міне, міндетсінуді білмейтін халықшыл тұлға – мерейлі 70 жасқа толып отыр.

Қоғам дамуы мен мемлекет әлеуетінің артуы үшін аянбай еңбек етіп жүрген ел ағасына мықты денсаулық, ұзақ та баянды ғұмыр тілейміз.

Әділбек Ыбырайымұлы,
«Отандастар қоры» КеАҚ Қазақ
диаспорасымен жұмыс департаментінің басқарушы
директоры