Úı ANONS «60 камераның 40 шақтысы істен шыққан»

«60 камераның 40 шақтысы істен шыққан»

Дендрологиялық саябақта 60 бейнебақылау камерасы бар. Оның қырық шақтысы істемей тұр. Бұл үшін саябақ әкімшілігі камераларды орнатып берген мердігер компанияны сотқа берген. Сот компанияға камераларды түгел жөндеп беруді міндеттеген.

Жақында Шымкентте тұрғындар ең көп баратын Дендрологиялық саябақта ер адамның мәйіті табылды. Бейресми ақпаратқа қарағанда, 27 жастағы мұғалім өзіне-өзі қол салған болуы ықтимал. Оқиға таңсәріде болған. Марқұмның денесін саябақта жүрген тұрғындар байқап, күзетшілерге хабарлаған.

Полиция да мәйітте өзіне-өзі қол жұмсау белгілері бар екенін растады. Соған сай қылмыстық іс ашылып, тергеу басталғанын мәлімдеді. Көп өтпей дәл оқиға болған маңда  қойылған бейнебақылау камерасының істен шыққаны жөніндегі ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Мұны саябақ әкімшілігі растады. Жалпы дендрологиялық саябақта қауіпсіздік шаралары қаншалықты сақталған? Бейнебақылау камерасы неліктен істен шыққан? Бұған кім жауапты?

ЕСДӘУЛЕТ ДОСТИЯРОВ, ДЕНДРОЛОГИЯЛЫҚ  САЯБАҚТЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Дендрологиялық саябақта қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілген. Бізде 24 сағаттық күзет қызметі. 6 жерде күзетшілер отырады. Одан бөлек жарықтандыруы 100 пайыз. Өткен жылы, одан алдыңғы жылы жарықтандыру нашарлаған еді. Бірақ оның бәрі қалпына келтірілді. Толық жарықшамдардың бәрі жанып тұр. Бейнекамералар да орнатылған. Алайда бейнекамералардың бірнешеуі істен шықан».

Директордың сөзінше, саябаққа бейнебақылау камераларын мердігер компания орнатқан. Камералардың жұмыс істеуіне компания кепіл беріп, мерзімі белгіленген. Десе де ондаған камера түрлі себеппен бірде қосылып, бірде қосылмай, толық жұмыс істемеген. Бұған келіспеген саябақ әкімшілігі компанияны сотқа берген. Сот камераларды қалпына келтіруді компанияға міндеттеген.

ЕСДӘУЛЕТ ДОСТИЯРОВ, ДЕНДРОЛОГИЯЛЫҚ  САЯБАҚТЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Бізде 60 камера бар. Оның 20 шақтысы істеп тұр. Қалғаны істен шыққан. Түрлі жағдайларға байланысты. Кейде қайта қосылып кетеді. Бағдарламалық қауіпсіздікте ақау бар ма түсініксіз болып жатыр. Соттың шешімі негізінде мамандар келеді. Іске қосады.  Бақылау біздің мойнымызда. Кепілдік мерзімінің бар болуына байланысты істен шыққан жағдайда мердігер компания жөндеуге міндетті. Ол жерде күзетшілер толық жұмысын атқарған. Таңғы сағат төрт жарым шамасында келушілердің келетін уақыты жақындаған кезде күзетшілер барып жарықты қосады. Жарықтарды қосу оқиға орны болған жерден өтеді. Өткен кезде ондай оқиға көрмегенін баяндады».

Ресми мәліметке қарағанда, өткен жылы саябақта бір әйелдің жүрегі тоқтап қалған. Бұдан бөлек қайғылы оқиға тіркелмеген.

Дилара Иса