Шымкентте жаңа жыл қарсаңында шыршалар 30 пайызға қымбаттаған. Әдеттегідей мереке келгенде бағалар шарықтай түсіп, ойыншықтарының құны да аспандап тұр. Бұған жасанды жасыл желекті өндіретін елдердегі шикізаттың қымбаттауы себеп екен. Бізге жеткізілетін шыршаның барлығы Қытай мен Ресейде жасалады.
Мереке десе мейірлене түсетін жұртшылық биыл жаңа жылға аса бір құлшыныспен қамданып жатқан жоқ сияқты. Өйткені, далада жапалақтап қар жауып, қыс мезгілінің айшықты көрінісі болмаған соң жаңа жылдық көңіл күй көп адамнан байқалмайды. Оның үстіне базарлардағы азық-түлікпен қоса, шырша мен безендіретін ойыншықтың бағасы былтырмен салыстырғанда біршама қымбаттаған.
Жарқынбек Шұбаев, сатушы: «Шыршалардың өтуі жылдағыға қарағанда 30-40 пайызға төмен. Қымбат болғаннан кейін, өтуі де солай төмен болып тұр. Қымбаттауының басты себебі халықтың айтып жатқаны кеденге байланысты, сосын шикізаттың қымбаттауына байланысты».
Жасанды шыршалар 1 желтоқсаннан бастап сатылымға шыққан. Бізге жеткізілетін барлығы Қытай мен Ресейде жасалынады. Әрбірі сапасы мен ұзындығының өлшеміне қарай бағаланады. Сауда орнындағы шыршалардың құны 1500 теңгеден басталып, 100 мыңға дейін барады. Көбіне пәтерде тұратын жұрт шағын шырша сұрап келетіндіктен, алып ағаштарды алып келмедік дейді сатушылар.
Жарқынбек Шұбаев, сатушы: «Шыршалардың бағасы кеткен шикізатқа байланысты болады көбінесе. Мысалы мынау полиэтиленнің жасалғаны, шикізат көп кетпейтіндер арзан. Ал енді жылдан-жылға жаңағы әрі шыршаға ұқсастырып, әрі гелевый қып жасағаны үшін бұлары қымбат».
Ал қала тұрғыны Әбдуәлі Қамбар бір жыл бұрын бағасына қызығып полиэтиленнен жасалған шыршаны алған. Алайда арзан дүниенің суы татымаған көрінеді. Сондықтан биыл құнына қарамай, біраз уақытқа жететін сапалысын алуды ұйғарыпты.
Әбдуәлі Қамбар, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бұл шырша енді, басқаларға қарағанда сапа жағынан жақсы. Былтыр мына шыршаны алдым, бірақ көпке шыдамады. Ұзаққа шыдамаған соң, бағасына қарамай мынаны алып отырмын. Құдай қаласа 2-3 жылға жарайды деп ойлаймын. Материалына қарасақ та енді жақсы, өзіме ұнады. Көңілімнен шықты, сондықтан таңдауым осы болды».
Жылына бір келетін мереке үшін ақшасын аямайтындар міндетті түрде ойыншығын да қоса ала кетеді екен. Безендіруге қажет бұйымның бағасы батпандап өскен. 31 желтоқсаннан кейін керек болмай қалатын тауар үшін жаңа жыл жақындағанда саудагерлер жеңілдік жасап, баға біршама төмендеуі мүмкін дейді.
Әлихан Файзханов