Арықтан су ішіп отырған ауылға таза ауыз су берілді

239

Сарыағаш ауданында бұрын-соңды ауыз су болмаған ауылға тіршілік нәрі келді. Жаңатұрмыс ауылы енді орталықтандырылған ауыз су жүйесін тұтынатын болады. Бұл жергілікті тұрғындар қуанышты жаңалық болды. Себебі, ауыл халқы бұған дейін жылдар бойы арық суын ішіп келген.

«Туылғалы бері неше жыл болды. 1957 жылы туылғам. Содан бері бүкіл ауыл осы арықтан су ішеді. Оны баяғыдан бері айтып жатырмыз, айтып жатырмыз. Жазып жатырмыз ауданға. Ойбай болады деп биыл су құбырын жүргізді. Бұл енді су қай уақытта келеді, беймәлім».

Бұл тіршілік нәрінен тарыққан Сарыағаш халқының өткен жылдың күзінде айтқан шағымы. Олар арнамыз арқылы базынасын билікке жеткізген еді. Бұқараның сол кездегі үндеуі атқамінерлердің құлағына жетіп, бүгін де өз нәтижесін берді. Осы күнге дейін арықтың суын тұтынып келген Жаңатұрмыс елдімекені енді таза ауыз суын пайдалатын болады. Ал тұрғындардың қуанышында шек жоқ.

Тұрғындардың айтуынша, ауылға орталықтандырылған ауыз су 10 шақты жыл бұрын берілуі тиіс еді. Бірақ, белгілі бір себептерге байланысты бұл мәселе кейінге қалдырылып келген. Сонда да күдерін үзбеген ауыл жұрты ақыры таза ауыз суға қол жеткізіп отыр.

Ауылдағы ағайынды тіршілік нәрімен қамту үшін өткен жазда ұңғыма қазылып, су құбыры тартыла бастаған. Алайда, неге екені белгісіз, сол кезде жұмыс барысы біраз уақыт тұралап қалған. Біз бұл туралы атқан да болатынбыз. Енді әкімдіктегілер биыл тағы екі ауылды тіршілік нәрімен қамтамасыз етеміз деп отыр.

Ауыл шаруашылық министрлігі Р1 жобасы жүзеге асса, Сарыағаш, Келес және Шардара аудандарын тәулік бойы тіршілік көзімен қамтимыз дейді. Қазіргі таңда жобалық сметалық құжаттары әзірленуде, ал жобаның құны 4 млдр теңге. Сондай-ақ, облыста 100 мыңнан астам халқы бар 124 елдімекенге орталықтандырылған ауыз сумен қамту жұмыстары жүріп жатыр дейді мамандар.

Әлихан Файызханов