Күйеуімен ұрсысып қалған келіншек көпірден секірмек болды

77

Бұл оқиға жаз мезгілінде болатын. Түркістан қалалық Полиция басқармасына «102» телефоны арқылы жергілікті тұрғын хабарласып, полицейлерден көмек сұрайды. Яғни, әйел өзінің 22 жастағы сіңлісінің орталықтағы автокөлік жүретін көпірден секірейін деп жатқанын және тез арада оны құтқаруға жәрдем етулерін өтінеді.

Қоңырау бойынша бірінші болып бағыт алған полиция аға лейтенанты жедел уәкіл Ерсұлтан Нұралыұлы әріптесімен бірге оқиға орнына жетеді. Ойланбастан көпірге жүгіріп шығып, биіктен секірмекші болып, аяғын іліп тұрған жас келіншекті тартып алады. Өмірден түңіліп, суицид жасауға бекінген келіншек өз-өзін тастауға қайта ұмтылғанымен, полицей Ерсұлтан оның өмірмен қоштасуына жол бермейді. Қапсыра құшақтап алып, қауіпсіз жерге қарай түсіре бастайды.

Полицейдің қызметі қауіпсіздікті қамтамасыз ету болғанымен, кейде құтқарушы секілді құтқарып, ал енді бірде психолог болуға да тура келеді. Мұны жақсы білетін Ерсұлтан әлі де өз-өзіне келе қоймаған, реңі бұзылып, жабырқап тұрған келіншекке бар ақыл-кеңесін айтып, түсіндірме жұмысын жүргізеді.

Тәртіп сақшысы суицид жасамақшы болған тұрғынды әңгімемен алдаусыратып, 102 арнасына қоңырау шалып көмек сұраған әпкесі келгенше қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Жүрегін қолына алып, бауырынан бір мезетте айырылып қаларын білген әйел ақыры оқиға орнына жетеді. Ерсұлтан әпкесі мен сіңлісін аман есен табыстырған соң, оқиғаның толық мән жайын анықтау үшін полиция бөліміне жеткізеді.
Белгілі болғандай, тұрмысқа шыққанына небары бірнеше ай болған келіншек, жұбайымен ұрысып қалған соң, суицид жасауға шешім қабылдаған. Содан соң әпкесіне қоңырау шалып, көпір үстінде тұрғанын жеткізген. Ал өз кезегінде келіншектің әпкесі сіңлісі айтқан жерге санаулы минут ішінде жете алмайтынын түсініп, бірден 102 арқылы полицейлерден көмек сұраған.

«Түнгі сағат 23:00 шамасында сіңлім телефоныма хабарласып, өмірден түңілгенін айтты. Қайдасың олай жасама деп, оның тұрған жерін біліп алдым. Содан 102-ге хабарласып, полицейлерден көмек сұрадым. Өзімде жүгіріп оқиға орнына жеттім. Сөйтсем осы бірнеше минут аралығында полицейлер жедел келіп, мен келем дегенше сіңлімді құтқарып алыпты. Үлкен рақмет айтамын полицейлерге, оның ішінде Ерсұлтан Қуанышқа. Және ҚР ІІМ Ерлан Тұрғымбаевқа осындай полицейлердің қызмет атқарып жүргені үшін мың алғыс айтамын. Ризамын! Алла разы болсын! Жұмыстары алға бассын! »-деп атап өтті келіншектің әпкесі Эльмира Дадаханова.

Сондай-ақ сіңлісін аман есен құтқарып қалғанына риза болған тұрғын, сөзінің соңында тәртіп сақшысының еңбегі ескеріліп, марапатталғанын қалайтынын жеткізді.
Ал, полиция аға лейтенанты Ерсұлтан Нұралыұлы болса: «Бұл біздің – міндетіміз. Әрбір Қазақстан Республикасы азаматының амандығын қамтамасыз ету үшін қызмет етуге қашанда дайынбыз!»,-дейді өз сөзінде.

QAINAR KÓZТО ПД баспасөз қызметі