Жұмысымызға жаңадан бір ағай келген. Сұңғақ бойлы, әппақ өңді, жауырыны қақпақтай сымбатты азамат бірден ұжымдағы қыз-келіншектің көңілін аударды. «Басы байлаулы екен» деген алғашқы ақпарат көпшілікті құрайтын нәзік жандыларға ұнамай қалғаны да рас. Сыр — сымбаты келіскен ағайымыз мінезге де бай болып шықты. Көмек қолын созуға ынталы елпелектеген мінезімен-ақ біраз адамға ұнап та қалған.
«Түүһ шіркін, кескін келбеті келіскен керім жігіттің таңдаулысы да бір керім шығар» десті үлкен жастағы апайлар. Бір аптадай жаңадан келген кадр біраз әңгімеге тамызық болды. Оған өз атын олқы көргендей жұмыстағылар Керім ағай деген ат таңды. Бір күні жұмыстан қайтарда әлгі Керім ағайымызды көшеде көріп қалдым. Қасындағы жүзі солғын, беті әжімнен көрінбейтін, әйелге тән әдеміліктен ада, қараторы апайды қолтықтап алыпты. Әпкесі ме, туысы ма екен деп ойладым да қойдым. Содан жаңа жылдық банкетіміз жақындап қалған. Жұмыстағы қыз-қырқын қызу дайындыққа кіріскен. Бірі көйлек сатып алып, бірі салонға жазылып, күнде бітпейтін банкеттің жыры басталған. Басшымыз жұбайларыңмен келесіңдер деп талап қойған. Күйеуі ұрттайтындар оған шеке басы тырысты. Әйелі қызғаншақтау азаматтарымыздың да жүйкесі жұқарды. Дегенмен жылдың ең қызықты мерекесіне асқан қызығушылықпен дайындалдық. Асыға күткен күн де келді. Жасанып, барын киініп, беті әрленіп, әдіптелген аруларымыз керемет кештің көркін ашқандай. Бәрі де айтулы мерекеге барын салып дайындалғаны көрініп тұр. Бірінің макияжына, енді бірінің көйлегіне мақтау айтып тұрғанда қыздардың бірі аң көргендей «ананы қараңдар» деп дауыстап үлгерді. Есіктен кіріп келе жатқан Керім ағайымыз екен. Өткенде көшеде көрген қараторы апай қолтығында. «Әйелі осы ма?» деп жақтырмай қараған көздерден-ақ бәрін түйсінуге болар еді. Дастархан басына отырғанда бәрі бір –бірлеп өмірлік жарларымен таныстырып жатты. Кезек Керім ағайға келгенде «Менің аяулы жарым, балаларымның анасы, әрі досым, әрі сырласым — Мария» деп таныстырды. Бәріміз аңтарылып қалдық. Жасы үлкендеу көрінетін Мария апайымыз расында Керім ағайдың қасында тым қораш көрінеді екен. «Талғамға талас жоқ» дегенмен әйелін тым қорсынғандарын біраз адам көзінен-ақ ұқтырып қойды. Думанды кештің қызумен бәріміз тойлауды бастап кеттік. Керім ағай әйелін өте сыйлайтыны әрбір қимылынан көрініп тұр. Тәрелкесіне тамақ салып беріп, тұрса орындығынан тұрғызып, билесе қолтығынан демеп дегендей әйеліне деген құрметі ерек екенін ұқтық. Кеш бойы «таңдауы неге осы әйелге түсті екен?» деген сұрақ талайларды толғандырғаны анық. Келбет кескіні келіскен керім жігіттің қасында әйелі расында тұлпарға есекті теңдестіргендей тым қораш көрінгені рас… Жаңа жұмыс аптасы басталған күні түскі шайда да, кешкі бестегі шайда да бар әңгіме Керім ағайдың келіншегі төңірегінен шықпады. «Неге? Неге?» деген сауалдар қайта-қайта айтылды. «Мұның да бізге белгісіз бір сыры бар шығар, кім білген?» деді көпті көрген көреген апайымыз. Сонымен бұл әңгімеге нүкте қойылғандай болғанымен сыр-құпияға қаныққысы келгендердің қатары аз болмағаны анық. Қарбалас жұмыс жүктемесімен жүріп, бұл әңгіме көмескіленгендей де болған. Жұмыс аптасының соңында шаршағанымды баспаққа моншаға бардым. Жеке кабинкадан көрі көпшілік түсетін орынды таңдадым. Ат шаптырымдай бөлмеге кіргенде бірден Керім ағайдың келіншегі көзіме түсті. Амандасудың ишарасын жасап, өтіп кеттім. Моншаға түсіп болған соң шөлімді баспаққа шай ішкім келгені. Арнайы орынға жайғасып, шайды енді ауызға ала бергенде «Мұнда отыруға бола ма?» деген таныс дауыс шықты. Керім ағайдың келіншегі екен. Сасып қалғанымды, таңданысымды білдірмейін деп әрірек сырғыдым. Мінезі ашық, жарқын екен. Тез тіл табысып кеттік. «Ағайларыңның алған әйелі осы ма?» деп ойладыңдар ма өткенде?» дегенде ішіп отырған шәйіма шашалып қалдым. «Ия, бәрін көздеріңнен оқыдым. Үйреніп қалғам. Ешкімге ренжімеймін. Біз туралы бәрі де солай ойлайды» деді.
«Біздің өткен өмір өткелектеріміз туралы білсе бәлкім ешкім де олай ойламас еді-ау», — деп ауыр күрсінді. Ұзақ әңгіменің басталғанын білдім.
«Бір үйдің бетіне жел тигізбей өсірген жалғыз қызы едім. Әке-шешем өбектеп, бар тәтті-дәмдісін аузыма тосып, бар жақсыны кигізіп, елдің алды етіп өсірді. Жақсы оқу орнына түсірді. Арманым жақсы жерге келін болып, ата-анама тойымды көрсету еді. Ол арманым орындалмады. Маған жолыққан жігіттердің бәрі де жауапкершілігі жоқ, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүретін біреулер болып жолықты. Тағдырымды ондайлармен байланыстырғым келмей, кергіп жүргенімде жасым да біразға келіп қалды. Қатарластарымның бәрі бас құрап кетіп жатқанда, маған да кәрі қыз атанбай босаға аттау міндеті тұрды. Бірақ тағдырым маған басқаша сый дайындаған екен…
Бір күні жұмыстан қайтып келе жатқанымда көшенің шетінде құлап жатқан жігітке көзім түсті. Қаңғыбасқа ұқсамайды. Киімдері таза. Жүрегі ұстап құлап қалды ма екен деген ой келген. Сол маңда тұрған сатушы «ол нашақор ғой» деді. Ішім қан жылағандай болды. Ай маңдайлы әп- әдемі жігіттің көшеде құлап жатқаны жаныма батты. Екінші күні де, үшінші күні де көрдім ол жігітті. Ал төртінші күні…. мен оны үйге алып келдім.
Артық дозадан есі кіресілі шығасылы боп жатқан сұлу жігітпен тағдырымды тоғыстырмаққа бел будым. Ертесіне сәл айыққандай болған жігіт маған дүрсе қоя берді. «Тауып бер, өліп барам» дейді. Өліп кетпесін деп жиған ақшама алып бердім. Бірте бірте айықтырмаса өліп кетуі де ғажап емес-ау деп қоямын. Бірақ мен оның нәпсісін тыйып, түзу жолға түсетініне бар ынты шынтыммен сендім. Сол жолда онымен бірге жүріп өтуге бел байладым. Алғашында әрине өте қиын болды. Сүйек сүйегі сырқырап, бебеулегенде жанын қоярға жер таппай аласұрды. Бұрын мұндайды кім көрген? Жаным ауырды. Сондай келбетті жігіттің соншалықты жаман жолға түскеніне сенгім келмеді.
Қаладағы мықты маманға барып, кеңес алдым. Соның клиникасына жатқызып, емдеуді бастадық. Оның қаншалықты қиын, азапты жол екенін айтпай-ақ қояйын. Ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер өтіп жатты. Емделіп шыққан соң баяғы сарынына қайта соққан кездері де болды. Аяғына жығылып та жыладым. «Болды, қоямын» дейді де қайта бастайды. Осыншалықты азапты жолды таңдап алған өзімді де аяйтын кездерім көп болды. Бірақ бірге жеңіп шығамыз деген сенім мені жігерлендіре түсетін. Жиған-тергенімнің бәрін оны емдетуге жұмсадым. Үйде нан болмай қалатын кездер көбейді. Кеш батқанда саябаққа барып, бөтелке жинап өткізген күндерім де өтті ғой, несін айтайын?! Әлгі мықты маманның арқасында ол мына өмірге қайта оралғандай болды. Әдетін тастап, бәрін жаңадан бастаймын дегенде менен бақытты жан болмаған шығар, сірә?! Ауылдағылар «пәленшенің қызы нашақорға тиіп алыпты» деп жел сөзді гулетті. Жаным ауырса да бәріне де төздім. Ақыры біз бәрін де жеңдік. Айтуға оңай. Ол жолдың қаншалықты азапты екенін кім ұқсын?!
Түпсіз терең тұңғиықтан алып шыққаным үшін бүгінде мені хан қызындай құрметтейді. Оған лайықты да шығармын, кім білген?!», — деп әңгімесін аяқтады.
Қол соғып, құрмет көрсетуге болатын жанның осыншалықты ерлігіне басымды идім. Алғаш көргендегі өзімнің ойыма өзім ұялып кеттім. Расында да адамды сыртқы келбетіне қарап бағалайтын кемшіндігіміз-ай…







