«Мәйітті қайтадан қазып алмақ…»

207

Елде орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде Алматы қаласында қаза тапқан Аңсар Исламның бейітін жақындары күзетіп жүр. 2 сағат сайын кезектесіп күзетте тұратын туыстары полиция департаментінен хабарлама келгенде төбемізден жай түскендей болды дейді.

Қолдарына тиген қаулыда сараптама жасату үшін мүрдені қазып алу керектігі жазылған. Ал марқұмның анасы сот медициналық сараптама қорытындысы бар екенін айтады.

«Мүрдесін ешуақытта алмаңыздаршы. Егер алатын боп келсеңіздер, өзім сол жерде жатамын. Мені орнына қойып, алып кетіңіздер! Өтініш сіздерден, алып кетпеңіздер!», дейді анасы.

Аңсар 5 қаңтар күні Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза болған. 7 қаңтарда туыстары мәйітті жер қойнына тапсырған екен. Арада 1 апта өткен соң полицейлер мәйітті қазып аламыз деген хабарлама жіберген. Себебі, сот медициналық сараптамасын жасау керек көрінеді. Ал туыстары қолымызда жас жігіттің оққа ұшқанын растайтын сараптама қорытындысы бар дейді. Аңсар Исламның бейітін күзетіп қартайған нағашы атасы мен әжесі де жүр. Марқұмның ет жақындары полицейлер мүрдені қазып алып кете ме деп қорқады. Сол себепті 2 сағат сайын ауысып зират басын күзетіп жүр.

Жарылқасын Жандарбеков, марқұмның нағашы атасы: «Иә, күндіз-түні торуылдаймыз. Кезекпен күзетіп жатырмыз бала-шағамызбенен».

Анасының сөзінше, Аңсар әскери қызметкер болуды армандаған екен. Тіпті ол үшін жұмысқа қажетті құжаттарын да тапсырып қойыпты. Бірақ оған дейін такси жүргізушісі болып жұмыс істеген көрінеді. Сол күні көлігінің майын ауыстыруға шыққан екен. Анасы қапыда оққа ұшқан ұлының мүрдесін қорлауға жол бермеймін деп отыр.

Жазира Жандарбекова, марқұмның анасы: «Мәйітханадан берген сараптама бар. Осы сараптамаға қарамастан қаулы шығарып, жаңағы мүрдені қазып алуға қайтадан сараптама шығарамыз деген. Мен қарсымын, мүрдені қаздырмаймын! Өліп кетсем де қаздырмаймын!».

Жауапты орган өкілдері «не себепті мәйітті қаздыруға шешім шығарғаны жөнінде» әзірге нақты ақпар берген жоқ. Ал туыстарының қолындағы қаулыда марқұмның денесін ағасы сараптама жүргізілместен алып кеткені айтылған екен.

Сонымен қатар, мәйітхана тек қайтыс болғаны жайлы анықтама бергендігі жазылған. Құзырлы орган Аңсар Исламның жақындарына бұл – қылмыстық іс аясында жүргізілетін тергеу амалы екенін, сол себепті оған туыстарының келісімі қажет емес деп түсіндірген екен.

Гүлдана Дәурен