Өзгенің үйін өртеп, 10 млн. теңге шығын келтірген күдікті ұсталды

66

 

Кентау ҚПБ-ға жергілікті тұрғын хабарласып, өзінің малды ауылдағы 1 бөлмелі үйін әлдекімнің қасақана өртегенін жеткізді. Үй ішінде тұрмыстық заттармен қоса, күн көзінен қуат алатын қымбат құрылғы орнатылған. Оқиға салдарынан жәбірленуші 10 000 000 теңге шығынға батты. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚК-нің 202-бабы 2-бөлімі «Қасақана өрт қою арқылы бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру» бойынша СДТБТ-ға тіркеді.

Ақпарат алысымен кентаулық тәжірибелі полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырды. Тез арада іске кірісіп, куәгерлерден жауап алды. Нәтижесінде 1 сағат ішінде күдіктіні анықтап, оны көше бойынан ұстап, дереу ҚПБ-ға жеткізді. Ол бұрын сотты болған Кентау қаласының тұрғыны болып шықты.

Анықталғандай, күдікке ілінген ер адам жәбірленушінің малын бағатын бақташының танысы болып шықты. Яғни бақташы мен оның арасында келіспеушілік туындаған. Содан түсінбеушіліктің арты дауға ұласып, ашуға бой алдырған күдікті үйге өрт қойған. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңға қайшы іс-әрекеттерді жасамауға, туындаған мәселелерді заң аясында шешуге шақырады.