Ел аумағында жанар-жағармай тапшылығына және бағасының өсуіне жол бермеу үшін қандай шаралар қабылдау жоспарланғанын энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндап берді.
Министр бензин мен дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеу, мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге шекті баға белгілеу бойынша тиісті бұйрықтар қабылданғанына тоқталды: «Бүгінде АИ-80 маркалы бензин литріне 89 теңге, АИ-92 мен АИ-93 литріне 182 теңге, АИ-95 литріне 215 теңге және дизель отыны литріне 230-260 теңге болып белгіленді».
Сондай-ақ, министрлік ЕАЭО-ға қатысушы көрші елдермен салыстырғанда бағаның бірдей болмауына байланысты жанар-жағармай ағынына бақылау жүргізу үшін қосымша іс-шаралар қабылдауды ұсынды.
Болат Ақшолақов, энергетика министрі: «Өздігінен орнатылған бактары бар көліктің кіруіне тыйым салу, транзиттік көлікпен тәулігіне 1 реттен артық өтуді шектеу, кейбір мұнай өнімдерін Қазақстаннан тыс жерлерге экспорттық кеден бажын төлемей, темір жол көлігімен тиеп-жөнелтуге тыйым салу, уәкілетті органдар тарапынан шекараларда мұнай өнімдерін автокөлікпен әкетуге тыйым салуды бақылауды күшейту».
Сонымен қатар, автожанармай құю станцияларында импорттық отынға сараланған баға белгілеу, көктемгі дала жұмыстары үшін дизель отынын жеткізу рәсімдерін нақты регламенттеу ұсынылып отыр.
Шынар Оразова