Шымкент тұрғындары үшін «Цифрлық сауаттылық» курсының бейнесабақтары тегін беріледі. Бұл туралы қалалық цифрландыру басқармасы әлеуметтік парақшасында хабарлады. Аталған онлайн курста интернет пен гаджеттердің мүмкіндігі және үйден шықпай-ақ тауарларды сату мен сатып алу техникалары үйретіледі.
Жалпы, курс арқылы цифрлық сауаттылықты арттыруға болады. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың ресми сайттарын, яғни ашық дерек көздерді қалай пайдалануға болатыны айтылады. Деректі сақтау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді үйренуге мүмкіндік бар.
«Оқу 5 бағытты қамтиды. Курс барысында негізгі цифрлық дағдылар, «Электрондық үкімет» және «Ашық үкіметті» пайдалану дағдылары, «Электрондық сауда» және «Киберқауіпсіздік» бойынша өз білімдеріңізді арттыра аласыздар!»,-делінген баспасөз хабарламасында.
Айта кетейік, бұл курсты Шымкент қаласының кез-келген тұрғыны оқи алады. Ол үшін «I-SHYMKENT.KZ» қаланың бірыңғай цифрлық экожүйесіне ЭЦҚ арқылы тіркеліп, «Цифрлық сауаттылық» мәзірін таңдау қажет. Осы қадамдарды жасау арқылы тегін оқу курсынан өтіп, сертификат алу мүмкіндігі бар. Қапы қалмаңыз.
Мөлдір Ибадуллаева