Шымкентте үшінші қабаттың терезесінен секірген 23 жастағы жігіт ауыр жарақат алып, мүгедектікке құжат рәсімдеп жүр. Жәбірленуші мұндай қадамға полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекетінен кейін барғанын айтады. Ал анасы ұлын әскерге алып кетуге тырысқандар әскери қызметкерлер емес, учаскелік полицейлер болғанын айтып, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етеді. Оқиғаға қатысты полиция қандай түсініктеме берді? Сюжеттен көріңіз…
Шымкентте ойынхана ғимаратының үшінші қабатының терезесінен секірген 23 жастағы жігіттің бірнеше сүйегі сынып, ауыр жараланды. Арман Хабибулланың айтуынша, ол 11 мамырға қараған түні туысқан ағасымен бірге ойынханаға барған. Көп ұзамай онда полиция қызметкерлері келіп, тексеру жүргізген. Жас жігіттің кәмелетке толғанын білген соң, оны әскерге алып кететіндерін айтып күштеген. Бұған келіспеген Арман үшінші қабаттың терезесінен секіріп кеткен.
АРМАН ХАБИБУЛЛА, ЖӘБІРЛЕНУШІ: «11-не қараған түнгі уақытта полиция қызметкерлері келді. Екеуін ғана көрдім. Біреуі әскери киімде еді. Өзін таныстырмады. Армияға алып кетеміз деп қорқытты. Қолымнан тартып, жұлқып, телефонымды алып қоймақ болды».
Арман жоғары оқу орнын тәмамдап, жұмысқа орналасқанына небәрі үш ай болған. Терезеден секіргеннен кейін оның басы жарылып, алты қабырғасы мен сол қолы сынған. Ес-түссіз күйде жансақтау бөліміне жеткізілген.
АРМАН ХАБИБУЛЛА, ЖӘБІРЛЕНУШІ: «Көзімді ашсам ауруханада жатырмын. Басыма ота жасалды. Күзде тағы бір ота жасайды. Мені заңсыз әкетпек болды. Военкоматта істемейді ғой ол кісілер. Учаскелік полицейлер болып шықты сол районның».
Оқиғаның қалай болғаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Арманның анасы Жанна Бәйдібекованың айтуынша, жолдасы қайтыс болғаннан кейін отбасының арқа сүйері, жалғыз ұлы – Арман. Енді сап-сау жүрген баласы мүгедектік рәсімдеуге мәжбүр.
ЖАННА БӘЙДІБЕКОВА, АРМАН ХАБИБУЛЛАНЫҢ АНАСЫ: «Балаңыздың жағдайы өте нашар. ИВЛ-2 аппаратымен демалып жатыр. Бас миы жарақаттанған. Қабырғасы, қолы сынған деді. Шошып, сол жерде талып қалдым. Балам 4 күнде есін жимады. Ота жасау керек, басы болмайды деді. Қан ұйып жатыр деді».
Анасының сөзінше, ұлын әскерге алып кетуге әрекеттенгендер әскери қызметкерлер емес, полицейлер. Сондықтан ол мұны заңсыз әрекет әрі қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану деп есептейді. Оқиға орнында болған полицейлер жазасыз қала ма деп алаңдайды. Өйткені, арадан 2 ай өтсе де әлі күнге сот-медициналық сараптамасы жасалмады дейді. Ал іс бойынша тергеушілер бірнеше рет ауысқан. Ал жәбірленушінің анасы әділдік іздеп тиісті орындардың бәріне арызданған.
ЖАННА БӘЙДІБЕКОВА, АРМАН ХАБИБУЛЛАНЫҢ АНАСЫ: «Менің балам шүкір аман қалды. Өліп кетсе не болатын еді? Зіңгіттей, сап-сау балам мүгедектік алып жатыр. Қалай күймейсің? Төртеуі де жұмыс істеп тұр. Оларға қандай шара қолданды? Соны білгім келеді. Баламның қиналғаны, көз жасы, жан сақтау бөлімінде жатқанда қиналғаны, барлығына жауап берсін. Заң алдында жауап берсін!».
Қалалық полиция департаменті оқиғаны растады. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.
«Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүзеге асырылуда. Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданатын болады»
ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ
Айта кетейік, Жанна Бәйдібекова алғашында іс Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал ету» бабымен қозғалған жеткізді. Маусым айында тергеп-тексеру материалдарына құқықтық талдау жүргізіліп, нәтижесінде іс «Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану» бабына қайта сараланған.
Дилара Иса






