Сал ауруынан сауығуға болады. Шымкенттік дәрігерлер алғаш рет церебральды сал ауруына шалдыққан балаларға күрделі ота жасады. Ақ халаттылардың айтуынша,мұндай операция сал болып қалған баланың жүріп-тұруына, еркін қимылдауына мүмкіндік береді.
Операция үстеліндегі пациенттің жасы тоғызда. Науқас бала тумасынан церебральды сал ауруына шалдыққан. Мүмкіндігі шектеулі баланың тірек қимылын реттеу үшін дәрігерлер ашық түрде ота жасап, аппараттың көмегімен жұлындағы проблеманы хирургиялық тәсілмен емдемек.
Самат Көкшібаев, Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының дәрігер нейрохирургы: “Бұл отанының атауы селективті дорзальды ризотомия. Операция кезінде жұлын арқылы спастиканы азайтамыз. ДЦП деген ауруда балалардың аяқ қолдары тырысып, қимылдауы мүмкін болмайды. Отадан кейін бірнеше оңалту кезеңі болады. Соған қарай оң нәтиже күтуге болады”.
Бұл күрделі отаға бірнеше заманауи медициналық құрылғылар қолданылады. Операция кезінде мамандар, нейро монитор және микрохирургиялық аспапты қолдана отырып, операция үстелінде жатқан науқастың жүйке жүйесін зақымдап алмау үшін іштегі негізгі проблемалы аумақты анықтауда. Отаны толық меңгеру үшін жергілікті ақ халаттыларға Алматы қаласынан әріптестері көмекке келген.
Ержан Байдуллаев, қалалық клиникалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары: “ Үш күннен бері шеберлік сабағы өтуде. Біздің нейрохирургтар осы операцияға қатысып, бүгінгі отаны өздері бастан аяққа дейін жасап шықты”.
Бұл жолы Алматы қаласынан келген дәрігерлердің қатысуымен сал ауруына шалдыққан екі шымкенттік және бір түркістандық балаға күрделі ота жасалды. Дәрігерлер операция сәтті өтті дейді. Күрделі отадан кейін балалар оңалту бағытындағы емдеу шараларын жалғастыратын болады.
Лаура Нақыпқызы