Шымкент жылдың соңына дейін электр жүйесімен 97, 6 пайызға қамтылады

224

Шымкент халқының 97,6 пайызы жылдың соңына дейін сапалы электр жарығымен қамтылады дейді әкімдіктегілер.

Айтуларынша былтыр Бозарық қосалқы стансасы іске қосылып,»1- М-1″ қосалқы стансасы арқылы Асар-2, Қайнарбұлақ, Батыс шағынаудандары мен Солтүстік саяжай, жалпы 8 елдімекенге электр жүйесін тартуға мүмкіндік туған. Шымсити, Тұран- сияқты жаңа шағынаудандарды үздіксіз электр қуатымен қамту мақсатында 2025 жылға дейін шахарда 6 қосалқы стансасын салу жоспарлануда.

Шалғайдағы Асар-2 шағынауданының тұрғындары ел қатарлы электр жарығымен қамтылғанына дән риза. 10 жыл бойы жарыққа жарымай, жекенің трансформаторына тәуелді болып келдік ,-дейді Гауһар Әбішева. 5 баланың анасы енді тұтынған электр қуатының ақысын мемлекет бекіткен тарифпен төлейтін болдық деп қуанып отыр.

Гауһар Әбішева, Асар-2 шағынауданының тұрғыны: «Енді мемлекеттің  электр жарығын пайдаланып 1 квт. сағатына 16,7 тарифпен төлейтін болдық. Бұрын 30 теңгеден төлейтінбіз. Жарық жиі өшетін тұрмыстық техникамыз істен шығатын».

2 жарым мыңнан астам халық тұратын Асар-2 шағынауданы аумағында 24 ТП трансформатор қосалқы стансалары, 30 шақырымға дейін жаңа электр желілері тартылып, ескі ағаш бағаналар темірбетоннан дайындалған сапалы түріне алмастырылады. Жобаның құны 1 млрд-тан асады

Боранбай Болатбеков, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы :»Қаладағы 7-8 жыл салынбаған Бозарық қосалқы стансасы былтыр тамызда іске қосылып,  нәтижесінде  1-М-1 қосалқы стансасы арқылы Асар-2, Қайнарбұлақ елдімекендеріне  электр энергиясын беруге мүмкіндік туды. Бұл елдімекендерден бөлек тағы 6 елдімекен жылдың соңына  дейін  электр жарығымен қамтылады. Шымкент биыл жылдың соңына дейін 97, 6 пайызға сапалы электр жарығымен  қамтылады».

Жалпы құны 2 млрд. 195 млн. теңгені құрайтын маңызды нысан-электр жүйесімен қамту жұмыстары Қайнарбұлақта былтыр басталған. Ағымдағы жылы жалғасып жатқан жұмыста мердігер мекеме 3200 темірбетонды бағаналардың басым бөлігін орнатыпты. Жобалық сметалық құжатқа сәйкек 24 шақырым электр желісі тартылады.

Арман Сейдахмет, мердігер мекеменің учаске бастығы: «Трансформаторлардың 100 пайызы объектіге жеткізілді. 35 трансформатордың 11-і бойынша қазіргі таңда монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жылдың соңына дейін жұмысты  аяқтап,  Қайнарбұлақ елдімекеніндегі халықты электр энергиясымен   толық қамтимыз».

Ағымдағы жылдың соңына дейін сапалы электр энергиясымен Асар-2, Қайнарбұлақ шағынаудандарынан бөлек, Солтүстік саяжайы, Батыс, Жаңаталап, Нұртас, Сәуле, Достық елдімекендері қамтылады. Қалада жаңадан бой көтерген шағынаудандарды үздіксіз электр жарығымен қамту мақсатында 2025 жылға дейін 6 қосалқы станса салу жоспарда.

Шынар Оразова