Шымкентте бір отбасының үйі өртеніп, баспанасыз қалды

148

Қайнарбұлақ тұрғын алабында үй жанып кетті. Құтқарушылардың мәліметіне сүйенсек, өрт газ-ауа қоспасынан шыққан. Кішкентай екі баласы бар жанұя қазір далада қалды. Ал өрт орын алған сәтте үйде болған анасы мен қызын күйік шалған. Оқиға құрбандарының қазіргі қал-жағдайын қиын…

Касимовтар отбасы үйсіз қалғандарына әлі күнге дейін сене алар емес. Олардың жалғыз баспанасы жанып кеткен еді. Тілсіз жау газ-ауа қоспасының салдарынан шарпыған. Зардап шеккендердің туыстары отбасы мүшелерінің аман қалғанына қуанып отыр. Үй иесі сол түні екі баласымен бірге болған. Қорыққан ана екі баласын қолына алып, үйден қашып үлгерген. Кейіннен туыстарын көмекке шақырыпты.

Елена Куленцова, зардап шеккендердің туысы: «Біз мұндай жағдай болатынын күткен жоқпыз. Олар маған телефон соғып, тез келіңіз, үй толығымен жарылып кетті, ештеңе қалмады деді. Содан кейін Жасмин зардап шеккенін айтты. Мен заттарымды тез жинап, осында келдім. Расымен де, үйдің сау тамтығы қалмапты».

Құтқарушылар жеткенше, өрттен зардап шеккен отбасыға көршілері көмекке келген. Алайда, куәгерлер ол кезде бірнәрсе істеу үшін өте кеш болғанын айтады.

«Мына жер өртеніп жатты. Ол бері қарай жүгіріп, қоршаудан өтіп бір қызын маған қарай лақтырды, мен біреуін қағып алдым. Көршімізге тезірек барып хабарладым, ол екінші баланы алды».

«Мен теледидар қарап отырғанмын, кенеттен жарылыс болды. Дереу көшеге шықтым, үй лезде жанып кетті. Көршілердің бәрі сыртқа шыққан еді, бірақ ешкім жақындай алмады», дейді көршілері.

Үй иесі Татьяна Касимова қазір қызымен бірге ауруханада жатыр. Қызы үшінші дәрежелі күйік алып, бірнеше күн жансақтау бөлімінде емделген. Жантүршігерлік өрттен кейін бүлдіршін өз бетімен тамақ іше алмайды, жүре алмайды, тіпті әжетханаға да өзі бара алмайтын көрінеді. Ал Татьянаның өзі бірінші дәрежелі күйік алған. Айта кетейік, әйел үшінші баласына жүкті екен. Ол болған оқиғаны әлі күнге дейін қорқынышпен еске алады.

Татьяна Касимова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Үйде толы газ баллоны бар еді. Мен төрт адым жасағанымда, қатты жарылыс болып, үй толығымен өртке оранды. Үйдің терезелері жан-жаққа ұшып кетті. Мен балаларды алып сыртқа шықтым, шарбақ арқылы оларды жолға шығарып, содан кейін өзім шықтым».

Өрттен зардап шеккен отбасы үйді несиеге алған екен. Қазір олардың 3 млн. теңге қарызы бар. Ендігі олардың басты мәселесі – осы несиені төлеу. Мұндай жағдайда банк олардың несиесін кейінге шегермейтін көрінеді. Ал адвокаттар бұл жағдайдан шығудың жалғыз жолы – сақтандыру дейді.

Евгений Яворский, қорғаушы: «Әдетте, несиеге мүлікті сатып алғанда, банк оның сақтандырылуын талап етеді. Бұл әдеттегі жағдай. Ең алдымен сақтандыру келісімшарты бар-жоғын анықтау керек, егер бар болса сақтандыру компаниясы бұл соманы өтейді».

Қаратау әкімдігі отбасыға тек азық-түлік, сырт киім және құжаттарын қалпына келтіруге көмектесіпті. Аудан әкімдіктің өрттен зардап шеккендерді уақытша баспанамен қамтамасыз етуі немесе оларға қаржылай көмек көрсетуі әзірге белгісіз.

Бақдәуір Қалмен, Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы: «Қалпына келтіру бөлігі бойынша материалдық көмек көрсету үшін құжаттарды бердік, бұл Шымкент қаласы әкімі аппаратында шешіледі. Барлығы комиссияға байланысты. Материалдық көмек, үйді қалпына келтіру және басқа да шығындарды комиссия қарастырады».

Үйдің отағасы – отбасының жалғыз асырушысы. Ол дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Аз ғана алатын жалақысы несие мен күнделікті керек-жараққа әрең жететін көрінеді. Жағдайды білген еріктілер тобы зардап шеккен жанұяға көмектесуге шешім қабылдаған екен.

Наргиза Рашитова, «Добряки Шымкента» қоғамдық қорының президенті: «Біз балаларға киім-кешек, төсек-орны, көрпе, жастықпен көмектестік. Және бізден екі кереует алды. Сондай-ақ тамақ, ыдыс-аяқ, екі кілем және ақшалай 25 мың теңге сомасында көмек көрсеттік».

Орын алған оқиға туралы естігеннен кейін, зардап шеккендердің жағдайын білуге Нұр Отан партиясының депутаттары да келді. Партия мүшелері Айжан Наимбекова мен Талғат Балтабаев отбасыға 200 мың теңге қаржылай көмек көрсетті. Касимовтар үйді қалпына келтіргенше, бұл ақшаға үй жалдап тұрады. Нұр отандықтар қаражат жинау үшін арнайы қор ашты, енді 1 апта көлемінде қомақты қаржы жинауды жоспарлап отыр.

Төтенше жағдайдың салдарынан үйдегі тұрмыстық техника, киім-кешек, ақша және құжаттар жанып кеткен. Абырой болғанда, отбасы мүшелері қайғылы оқиғадан аман қалған. Зардап шеккендер тезірек баспанасын қалпына келтірсек дейді. Касимовтар жомарт жандар қаржылай немесе құрылыс материалдары мен киім-кешек арқылы көмек көрсетеді деп үміттенеді.

РЕКВИЗИТТЕР:

KASPI BANK:
8-771-884-62-56 – ТАТЬЯНА КАСИМОВА
8-771-884-62-57 – РУСТАМ КАСИМОВ

БАЙЛАНЫС ТЕЛЕФОНЫ:
8-771-884-62-56 – ТАТЬЯНА КАСИМОВА
8-771-884-62-57 – РУСТАМ КАСИМОВ

«Отырар TV» мен сайтымыздың @OtyrarQaz қазақша телеграм-каналына жазылыңыз.  https://t.me/OtyrarQaz