Шымкент аумағында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Шаһар жасыл аймақта. Осыған байланысты қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысы шықты. Енді азаматтардың сыртта, яғни көшеде бетпердесіз жүруіне рұқсат.
Болат Нұрманов, Шымкент қалалық санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары: «Шымкент қаласының аумағында коронавирустық инфекциясы таралуының алдын алу, шектеу шараларын жеңілдету бойынша қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің кезекті 8-ші қаулысы шықты. Құжатқа сәйкес енді дүкен, мекемеге кіргенде адамның дене қызуы термоқұрылғымен өлшенбейді. Алайда, мекеменің ішінде адамдар көп шоғырланған халыққа қызмет көрсету орталықтарында бетперде кию керек. Сонымен қатар, «Ашық» жүйесі енді қолданылмайды».
Карантиндік және шектеу шараларын жеңілдету туралы қаулыда көпшілік жиналатын тамақтану орындарында, қоғамдық көліктерде санитарлық талаптарды орындау міндеттелген дейді сала мамандары
Болат Нұрманов, Шымкент қалалық санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары: «Қоғамдық көлікте бетперде кию керек. Және дезинфекция шаралары жүргізілуі тиіс».
Жаңа қаулы жайлы қала тұрғындарының бірі білсе, бірі хабарсыз. Сондықтан, шымкенттіктердің кейбірі бұрынғыша бетперде киіп карантиндік шараларды сақтап жүр.
Тұрғын: «Қазақстанда бетперде далада кимеуге болады деген ақпарды естідім. Жұмыс барысында масканы міндетті түрде кию керек».
Зейнеткер: «Ия, бетпердені киеміз дүкенге кіргенде. Менде бетперде бар».
Тұрғын: «Бетпердені көшеде кимеуге де болады. Кеше мен ауруханада болдым бетпердемін жүрдім. Ол жерде рұқсат етілмейді бетпердесіз жүруге».
Мамандар шаһарда эпидемиологиялық жағдай тұрақты болса да, жеке гигиенаға қатысты шараларды: қоғамдық орындарда әсіресе мекеме, сауда орындары, білім ошақтары мен медициналық ұйымдарда санитарлық талаптарды орындаған абзал деп кеңес береді.
Шынар Оразова