Тұрғын: «Қоршаудың астында қалып, бір күні оянбай қаламыз ба деп қорқамын»

123

Әл-Фараби ауданына қарасты Қамал-2 көшесінің тұрғындары көрші ғимараттың биік қабырғалары басып қалар деген қорқынышпен өмір сүріп келеді. Қоршаудың иесі, қабырғаны ауыстырмайтынын айтқан екен. Шетінен үгітіліп, қирап жатқан қоршаудан жапа шегіп отырған тұрғындармен тілшіміз тілдесіп қайтты.

Бұл үйге көшіп келгеніне 3 жылға жуық уақыт болған Наталья Ким көрші ғимараттың қоршауы үйлерін басып қалады деп қорқып отырғанын айтады. Сөзінше, аудандық әкімдік те, зауыт басшылығы да осы жылдың қазан айына дейін мәселені шешіп беруге уәде берген. Дегенмен уәде, сол уәде күйінде қалған көрінеді.

Наталья Ким, Шымкент қаласының тұрғыны: «Сәуір айынан бастап бармаған жерім жоқ, мен қалалық әкімдікке, осы жер туралы анықтап берсін деп сәулет құрылыс бақылау басқармасынан да сұрадым. Мына қоршаудың аржағында орналасқан зауыттың басшылығына, сол жердің иесіне «мына бетон қоршауды» өзгертсін, жаңасын қойсын деп айтыңдар дедім. Себебі биік қабырға шетінен құлап жатыр, менің балаларымның өміріне, отбасымызға қауіп төндіруде. Дәл балалардың бөлмесінің тұсына қабырғаның жартысы құлады. Ана ретінде мен өте қатты қорқамын. Тіпті, бір күні оянбай қаламыз ба деп уайымдаймын».

Ал қоршаудың иесі тұрғындарға, «ол қоршауды өзгертпейтінін» айтқан көрінеді. Олардың шағымына тіпті назар аудармай отырған нысан иесіне ашулы тұрғындар «Егер әркім өз білгенін істесе, заң не үшін керек?» деп ашынып отыр.

Наталья Ким, Шымкент қаласының тұрғыны: «Ең алғаш шағымданып, учаскелік полицияны шақырғанымда, маған осы жердің басшысын шақырып берді. Ол болса, «Маған дәл қазір бұл қоршауды ауыстыру тиімсіз, себебі мен зауыт салып жатырмын. Қоршауға қаржы бөле алмаймын» міне дәл осылай айтты. Сосын маған «қалаған жеріңізге барып шағымданыңыз, керек болса сотқа беріңіз менің ақшам да, таныстарым да жетеді, бұл істен сіз ештеңе ұтпайсыз» деді. Бұл жердің иесі бір бай-бағлан деп естідім, мүмкін сол себептен менің сөзім ештеңе шешпей жатқан шығар. Бірақ, заң халықтың жағында емес пе?».

Тұрғындар тек бұл ғана емес, 800 метрге жуық аумақты алатын қоршаудан айналадағы 50 шақты үй де зардап шегіп отырғандарын айтады.

Мишель Ванжуков, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен өзім апаттық көмекті шақырғанмын. Қоршаудың бөлігі газ трубасына құлап, басып қалған. Бұл газдың жарылуына әкелуі мүмкін еді. Тұрғындардың арызын жеткізу мақсатында қалалық мемлекеттік сәулет құрылыс бақылауы басқармасына хабарласқан едік. Алайда, олар бұл жағдайдан бейхабар екендігін айтты. Ал, Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары бұл мәселені шешу әкімдіктің құзырында емес деп отыр».

Марат Тәжібаев, Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары: «Біз ол бойынша комиссия, құзырлы мекемелер, ГАСК, архитектура, ТЖ, жергілікті полиция қызметінің әкімшілікпен барып қарадық. Рас қабырғаның қисайғанын анықтадық. Иесімен сөйлескенде «жарайды, жасап беремін» деген еді, кейін ол кісі бас тартты. Содан кейін біз Ким Натальяға ұсыныс бердік, мұндай даулы мәселелер сот тәртібімен шешіледі».

Айта кетейік, Әл-Фараби аудандық әкімдігі біз хабарласқан соң ғана, 25 қараша күні тұрғынға істің тек сот арқылы шешілетіні туралы акт шығарып берген екен. Әкімдіктің берген уәдесіне сенген, тұрғын «қазір несие алып, адвокат жалдап отырмын» дейді. Алайда ол, аталған іс шешімін тапқанша, қоршау құлап, залалы балаларға тиіп кетпесе болғаны деп уайымдап отыр.

Гүлдана Дәурен