Бұл сәтті тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес саласының қызметкерлері ерекше күтті. Себебі, олар бұған дейін әйелі мен балаларын ұрып-соққандарға қатысты жаза күшейтілуі керек екенін айтып жүрген. Президент белсенділердің бұл талабын тыңдауға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ мемлекет басшысы Бас прокуратураға осы мәселені зерттеп, шешуді тапсырды.
Дина Таңсәріні Қазақстандағы барлық ішкі агрессорлардың дұшпаны деп айтуға болады. Ол бірнеше жылдан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту қажеттігін айтып келеді. Өйткені, дәл қазір қолданыстағы заң мұндай қылмыстардың көбеюіне ғана ықпал етеді дейді. Мұны статистика да дәлелдеп отыр.
Мәселен,, 2020 жылы NeMolchi қорына 7600 адам өтініш білдірсе, былтыр олардың саны 11 мыңға жеткен. Жағдайдың 90 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты.
Дина Таңсәрі, NeMolchi.kz қорының жетекшісі: «Тек қатаң жаза ғана агрессорды қайта тәрбиелей алады. Ұрып-соғуға барған адам – қандай дәрежеде болса да – бірінші рет түрмеде 15 күн, екінші рет кемінде бір жыл отыруы керек. Ал, егер бұл үнемі, жүйелі түрде орын алса, онда мерзім кемінде бес жыл болуы қажет».
Дина Таңсәрі ерлі-зайыптылар ажырасып кетсе де, күйеуі бұрынғы әйелін келіп ұрып-соғуы мүмкін екенін айтады. Ал заң бұған көз жұма қарайды. Құқық қорғаушылардың пікірінше, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу үшін атқарылған шаралардың барлығы тек қағаз жүзінде іске асады. Өйткені, мидың шайқалуы мен ішкі мүшелердің зақымдануы әлі де заңда «денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» деп қарастырылады. Оны орташа санатқа ауыстыру үшін зардап шегуші ауруханада кем дегенде 21 күн жатуы керек. Адвокаттар да қоғам белсенділерінің ұстанымымен келіседі. Сондай-ақ қазір зорлық-зомбылыққа іс жүзінде жаза қолданылмайды деп есептейді.
Евгений Яворский, заңгер: «Оларға әкімшілік айыппұл салынады. Бірақ ол үшін зардап шегуші сотқа жүгінуі керек. Яғни күйеуіне айыппұл салу үшін оны сотқа беруі қажет. Теориялық тұрғыдан қарағанда, ол әйелін өлтіріп қоймаса болды. Ұрып-соғып айыппұл төлейді де жүре береді. Ал бұл біздің заңның шеңберінде қалыпты жағдай болып саналады».
Қоғам белсенділері куәгерлер туралы заңға да түзетулер енгізуді және оларды осы зорлық-зомбылықты жиі көруге мәжбүр болатын балалар деп тануды талап етуде. Өйткені, бұл психологиялық жарақатты емдеу мүмкін емес. Яғни, олар есейген кезде баланың өміріне кері әсерін тигізуі мүмкін. Зорлық-зомбылық-жұмыста, өмірде және өз отбасында жалғасуы ықтимал.
Мөлдір Ибадуллаева