Қазақстанда халық табысын арттыру бағдарламасы дайын. Құжат келесі аптаның соңында қабылданады. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, жоба бірнеше бөлімнен тұрады. Негізінен, басшылық табысы мен қызметкер жалақысы арасындағы айырмашылық тепе-теңдігін сақтауға бағытталады. Жаңа қағидат квазимемлекеттік салаға да қатысты.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары: «Ең үлкен сұрақ бұл инфляцияға байланысты. Табыс көздері бір бөлек, ал инфляцияны тежеу екінші сұрақ. Инфляцияны тежеуге байланысты 2022-2024 жылдарға арналған ақпанның 15-сі нақты шаралар қабылданған болатын. Кешенді жоспар. Бұл шешімдер қазіргі жағдайға тікелей әсерін тигізеді. Сөз жоқ инфляция ішіндегі ең үлкен алғашқы мәселе азық-түлік».
Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша Қазақстанның ішкі нарықтағы үлесі 80 процент. Бұл жағдай бірінші қажеттіліктегі өнім бағасының күрт өсіп кетуіне жол бермейді.
Қазіргі таңда тізімде тауардың 19 түрі бар. Ресейге қарсы салынып жатқан санкциялардың бізге тиер кері әсері қазірдің өзінде сезіліп жатыр. Бұл елден келетін импорт үлесі 42 процент.
Ералы Тоғжановтың айтуынша, бұл аз емес. Сондықтан тығырықтан шығар жаңа жолдарды қарастыру қажет.
Шынар Оразова