Қасиетті ай қарсаңында тұрғындарға көмек көрсетілді

131

Қасиетті Рамазан айының қарсаңында садақа беріп, мұқтаж жандарға көмек көрсету сауапты іс. Шымкенттік кәсіпкерлер мен депутаттар да шетте қалмай, ондаған отбасына көмек қолын созды. Халық қалаулылары тек азық-түлік таратып қана қоймай, тұрғындардың бірнеше жылдан бері шешілмей келген мәселелерін де тыңдап қайтты.

Көпбалалы Сапаровтар отбасы Шымкент қаласының шетіндегі үйді жалға алуға мәжбүр. Ақерке Сапарова мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отыр. 15 жастағы қыздары өздігінен жүріп тұра алмайды. Аталған отбасыға көмек уақытылы көрсетіліп отырады, алайда тұрғын үй мәселесі кезек күттіріп тұр.

Ақерке Сапарова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бәрін беріп жатыр, ем алып жатырмыз. Бәрі бар, тек қана үйіміз жоқ».

Көпбалалы отбасыға күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлікпен көмек көрсетіліп, баспанаға кезекте тұрған жандарға әлеуметтік тұрғын үйді бөлу мәселесі түсіндірілді.

Көпбалалы Атағұловтар жанұясының да жағдайы мәз емес. Отбасы мүшелері апатты жағдайдағы үйде тұрады. Ал жаңа баспананы аяқтауға қаржы қолбайлау. Бүгінде әлеуметтік жағдайы әлсіреп тұрған Атағұловтар отбасы жомарт жандардың көмегіне мұқтаж.

Нұргүл Атағұлова, тұрғын: «Әкімшіліктен келді ғой енді, демеушілерден қай уақытта көмек болады. Күтеміз ғой».

Бүгін көпбалалы отбасыларға қажетті азық-түлікпен көмек көрсетілді.

Азимовтар отбасының оқиғасы бөлек. Пандемия кезінде отанасы қатты ауырып, жұмыссыз қалған. Жанұя тек бір зейнетақыға қарап отыр. Аз қаражат күнделікті тұрмысқа қажетті заттардың өзіне әрең жетеді. Сондай-ақ, аталмыш отбасыға атаулы әлеуметтік көмек те берілмейтін болған.

Әдия Азимова: «Маған атаулы әлеуметтік көмек берілмейтін болды. Оның үстіне мен қатты ауырдым. Қазіргі уақытта жұмыс істемеймін. Бұған дейін жарнама агенттігінде жұмыс істегенмін. Мен мәселемді айтып, шенеуніктерге жүгінгенмін. Олар әкімнің қабылдауына жазылу керектігін айтты. Атаулы әлеуметтік көмек алуға көмектессе деймін».

Игі істер онкүндігі әлі де жалғасады. Мүгедектігі бар жандарға, көпбалалы отбасыларға және шенеуніктерге мәселесін жеткізе алмай жүрген адамдарға тиісті көмек көрсетіледі. Депутат Әйгерім Жұмағұлова тұрғындардың шағым-тілектерін тыңдауға дайын.

Гүлдана Дәурен