Кәсіпкерлер палатасының кезекті отырысында көлік қоятын орындардың жетіспеушілігі мен оның бизнеске әсері талқыланды. Кәсіпкерлердің айтуынша, бүгінде үшінші мегаполисте автотұрақ мәселесі өзекті болып отыр. Өйткені, бизнес иелері тауарларын өз нысанына жеткізуде біршама қиындықтарға тап болып отыр екен. Бұл проблеманы қалай шешуге болады?
«Шымкентте көлік көбейіп жатыр, ал автотұрақтар керісінше». Осылай деген мегаполис кәсіпкерлері автомобиль қоятын орынның жеткіліксіз екенін алға тартып отыр. Сөздерінше, қазір бизнес нысанның айналасына көлік қоюға тыйым салатын белгі қойылып, жол бетон блоктармен жабылған.
«2017 жылы біз арнайы хат алдық. Олар біздің көлік номерімізді жазып алып, бізге 5-10 минут тұруға рұқсат берді. Ал қазір ондай хат та бермейді. Көлікті дүкеннен алыс жерге қойып, ауыр жүктерді көтеруге тура келеді. Әйтпесе, полиция келіп, хаттама толтырады. Біз айыппұл төлейміз», дейді кәсіпкерлер.
«Біздің дәмхана А. Байтұрсынов көшесінде орналасқан. Клиенттеріміз келіп көліктерін жол бойына қойғанда, оны эвакуатормен алып кетеді немесе, номерлерін шешіп алып қорқытады екен», дейді тағы бір кәсіпкер.
Ал тәртіп сақшыларының айтуынша, кәсіпкерлердің қолында рұқсат құжаты болса және олар дұрыс рәсімделсе, онда ешқандай айыппұл салынбайтын көрінеді.
Серік Жақсылықов, Шымкент қалалық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының жол және техникалық инспекциясы бөлімінің аға инспекторы:
«Заңда егер кәсіпкерлік ұйымның құжаттары болса, онда айыппұл салынбайды және олар өздерінің бизнес нысандарына хабарласа алады деп көрсетілген. Тек біз бұл құжатты бермейміз, бұл біздің құзыретімізге жатпайды».
Автотұрақ мәселесіне келетін болсақ, ол тек кең жолдарда ғана рұқсат етілген. Кәсіпкерлер өз бизнесін ашпас бұрын көліктердің келіп-кетуі мәселесін де шешіп алғаны жөн.
Мадияр Байымбетов, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары: «Заңда кәсіпкердің өзі кәсіп ашпас бұрын автотұрақ ұйымдастыруы керек екені анық жазылған. Ал қазір қалада екі жүз елу (250) жуық көлік қоятын орын бар. Мүмкіндігінше жолдарды кеңейтіп жатырмыз. Кейбір жолдарда біз тұрақ жасай алмаймыз, өйткені бұл үшін өткізу қабілетінің төмендеуі қаупі бар».
Ал бизнес иелері қазір автотұрақ пен белгілерге қатысты мәселені шешетін арнайы топ құруда. Өйткені, бұл шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасау үшін өте маңызды мәселе.
Мөлдір Ибадуллаева