Дәретхана үшін 29 лауазымды тұлғаға 670 мың теңге айыппұл салынды

285
фото exclusive.kz

 Түркістан облысында 23 мектептің оқушылары әлі күнге дейін дәретханаға далаға барады. Облыстық санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті жүргізген тексеру нәтижесінде Сарыағаш ауданының 13 мектебінде, Мақтаарал ауданының 4, Отырар ауданының 2, сондай-ақ Төлеби, Бәйдібек аудандары мен Жетісай және Түркістан қалаларындағы мектептерде әжетхана далада орналасқандығы анықталған.

Ардақ Берден, Түркістан облыстық СЭБД баспасөз хатшысы: «Өткен жылы санитарлық эпидемиялық бақылау басқармалары ерекше тәртіппен білім беру мекемелеріне жүргізген тексеру кезінде дәретханаларға қатысты денсаулық сақтау министрлігі бекіткен санитариялық талаптарға сәйкес келмеген 23 мектепті анықтады. Кемшіліктерге жол берген лауазымды тұлғаларға 230 аек көрсеткіште айыппұл, яғни 670 мың теңге айыппұл салынған».

Тексеру кезінде дәретханалары сыртта орналасқан мектептерден бөлек, әжетханасы іште бола тұра санитарлық талапқа сай келмейтін білім ошағының лауазымды тұлғалары айыппұл арқалады.

Яғни, бірнеше мектепте қол жуғыш немесе басқа да қажетті құрал-жабдықтың болмауы, тазалық шараларының уақытылы жүргізілмеуі де назарға алынған. Жалпы 29 лауазымды азаматқа 230 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. Айта кетейік, егер айыппұлды 1 апта көлемінде төлесе, көрсетілген қаржының тек жартысы өтеледі.

 Гүлдана Дәурен