Шымкент тас жолында 30 жолаушысы бар автобус аударылды

190

Түркістан облысында жол апатынан 3 адам қаза тауып, 4 адам жарақат алды.

13.04.2022 жылы кешке, яғни сағат 19:00 шамасында Сарыағаш АПБ-ға Сарыағаш-Шымкент тас жолында болған жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобы, аудандық полиция бөлімі және прокуратураның басшылығы шықты.

Полиция қызметкерлерінің анықтауынша, сағат 19:00 шамасында 30-ға жуық жолаушысы бар «Yutong» маркалы автобус Шымкент қаласы бағытына қозғалған. Осы сәтте қарсы беттен «Audi 100» маркалы автокөлік шығып, автобуспен соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Audi 100» автокөлігінің жүргізушісі мен 2 жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Сондай-ақ, автобустың тағы 4 жолаушысы түрлі дене жарақатымен аудандық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның толық мән-жайы мен қайтыс болғандардың жеке-басы анықталуда.

Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерді жолдарда абай болуға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Мөлдір Ибадуллаева