Шымкенттік таеквондошылар халықаралық турнирден жеңіспен оралды

133

Шымкенттік жас спортшылар таеквондодан бірінші орын иеленді. Халықаралық турнирде бақ сынаған 74 қатысушы 88 медальді қанжығаға байлаған. Алматы қаласынан жеңіспен оралған таеквондашыларды ата-аналары мен туған туыстары қарсы алды.

Шымкенттіктер жеңіспен оралған жерлестерін күтіп алды. Халықаралық турнирде үшінші мегаполистің таеквондо шеберлері жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды. Алтын медаль иеленгендердің бірі Елнұр Аблаев мұның бәрі талмай еткен еңбек пен жаттықтырушылардың тәлімінің арқасы дейді. Әрі жас спортшы болашақта әлем чемпионы боламын дейді.

Елнұр Аблаев, жас спортшы:
«Жаттығулар кішкене қиындау болды. Бірақ ұзақ әрі тиянақты дайындықтың арқасында бірінші орын алдым. Осының бәрі жаттықтырушыларның арқасы. Оларға алғысым шексіз».

Жалпы, Алматы қаласында өткен турнирде 700-ге жуық спортшы бақ сынаған. Таеквондашылардың айтуынша, сайыс өте тартысты өткен. Дегенмен, Шымкенттің намысын қорғаған спортшылар жеңіс тұғыранан көріне білді.

Аңсар Асатулла, жас спортшы:
«Жарыс маған ұнады. Ағайларымның арқасында үшінші орын алдым. Жалпы бір ай дайындалдым. Маған сәл қиындау болды. Бәріне қиындау болды деп ойлаймын. Өзім 4 адамды жеңіп, бесіншінен ұтылып қалдым».

Қажырлы еңбек пен үздіксіз дайындықтың арқасында мегаполис командасының құрамында 35 алтын, 28 күміс, 25 қола медаль. Жаттықтырушының айтуынша, бұл карантиннен бері үлкен турнирге қатыспаған спортшылар үшін жоғары көрсеткіш. Жалпы, кіл сайдың тасындай мықтылар жиналған дүбірлі додада шымкенттік 74 спортшы 88 медальді қанжығасына байлаған.

Нұрболат Қуандықов, аға жаттықтырушы:
«Жарыс екі бағдарлама бойынша болды. Ол спаринг, төбелес. Одан басқа туль. Ол техникалық комплекс болып есептеледі. Бұл жарыс біз үшін балаларды тексеру мақсатында болды. Пандемиядан кейінгі болып жатқан ең үлкен жарыстардың бірі. Біз спортшыларымыздың дайындығын тексеріп алдық»

Жас спортшылардың жетістігіне қуанған ата-аналар да балаларына үлкен үміт артып отыр. Балаларымыз болашақта тек Шымкенттің ғана емес, Қазақстанның да атын әлемге танытатын даңқты спортшыға айналса екен дейді.

Рысбай Аблаев,  Шымкент қаласының тұрғыны:
«Жастар аман-есен жеңіспен оралып жатыр. Соның ішінде менің немерем Елнұрда бар. Бірінші орын әкеліп отыр. Жеңісіне қуаныштымыз. Осы жарысқа барып, әр қайсысы осындай ата-аналарын қуантып алып жатыр. Барлығының ата-аналарын құттықтаймын. Жеңістен жеңіске жете берсін. Осылай қазақ елін жоғары көтеріп, еліміздің атағын шығарып жүре берсін. Біз әрқашан қуаныштымыз».

Ендігі кезекте спортшыларды Ресейде өтетін сайыс күтіп тұр. Сондықтан, әзірге босаңсуға болмайды. Дайындықты тағы да шыңдай түсу керек дейді жаттықтырушылар.

                                                                            Мөлдір Ибадуллаева