5-ші маусымда республикалық референдум өтеді. Саяси маңызды шараға байланысты шаһардағы кәсіпорындар, жоғарғы, орта арнаулы оқу орындарында кездесулер ұйымдастырылуда. Онда қалалық ақпараттық-насихат топ мүшелері Ата заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жайында баяндап беруде.
Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінде республикалық референдумға қатысты жиын өтті. Шара барысында ақпараттық — насихат тобының мүшелері жалпы Конституцияға қатысты мағлұмат берді. Өйткені кездесуге 16-17 жастағы студенттер қатысты. Олар әрине референдумға қатыспайды, ал Ата заңымызға енгізілетін өзгерістер жайлы білуі тиіс дейді белсенділер.
Қанатбек Досалиев, ақпараттық-насихат топтың мүшесі: «Қолданыстағы Конституция жалпыхалықтық референдум негізінде 1995 жылдың 30 тамызында қабылданып, сол жылдың 5 қыркүйегінде күшіне енді. Ол 9 тарау және 98 баптан тұрады. Қазақстанда Конституция тұңғыш рет 1924 жылы және одан кейін 1937, 1978, 1993, 1995 жылдары жазбаша түрде қабылданды. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы Конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Ол 4 бөлім, 21 тарау, 131 бап пен өтпелі кезең ережелерінен тұрды. Оған дейін Қазақстанда 1978 жылы қабылданған Қазақ КСР Конституциясы қолданысты болды. 27 жылдан кейін 5-маусымда өтетін республикалық референдумда азаматтар өз құқықтарын пайдаланып, таңдауларын жасауға мүмкіндік алады».
Ата Заңға сәйкес, Қазақстан Республикасы — барлық азаматтың құқықтық теңдігін қамтамасыз ететін демократиялық, зайырлы және біртұтас мемлекет деп танылды. Халықтың атынан билік жүргізу құқығы өздерінің конституциялық өкілеттігі шегінде енді кімге берілетінін алдағы референдум айқындайды
Шынар Оразова