Бағалы заттарыңызды көз алдыңызда ұрлап әкетеді: Алаяқтар жайында не білеміз

128

Шымкентте алаяқтықпен айналысып жүрген әйел 4,5 млн. теңгеге үйді дуадан тазартқан. Екі жергілікті тұрғынды алдаған ол алғашында үйге қайыр сұрап кірген. Дуадан тазартатын «көріпкел» рәсім өткізу үшін үй иелерінің барлық алтындарын сұратқан. Түркістан облысында да екі Өзбекстан азаматы егде жастағы әйелдің «басын айналдырып», үйдегі алтындарды тып-типыл еткен. Соңғы кезде мұндай оқиғалар жиілеп кетті.

Бұл «гипноз жасаушы әйелдер» егін алқабында қолға түскен. Полицейлерді көрген әйелдер көліктерін тастай сала, қаша жөнеледі. Себебі олар Түркістан облысында егде жастағы әйелді алдап, бағалы бұйымдарын жымқырып кеткен. Жәбірленушінің сөзінше, олар үйге келіп, «дуадан тазартамыз» деген желеумен, тазалық жүргізеді. Ал әйелді гипноздап, мойнындағы алтын алқасын, сақинасын шешіп алады. Онымен қоймай, 100 000 теңгеден астам ақшасын да алып кеткен.

Гүлнәр Абдужаппарова, Түркістан облысы ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бастығы: «Аталған екі әйелдің «Лада приора» көлігіне мініп, трасса бойында кетіп бара жатқанын анықтаған. Патрульдік полицейлер жарты сағат көлікті қуып, тоқтатады. Алайда, көліктегі екі әйел түсе салып, ен далаға қаша жөнеледі. Тексеру барысында екі әйелдің Өзбекстан республикасының жергілікті тұрғындаы екені анықталды. Және оларға қатысты ҚР ҚК 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде».

Әсел Мәліктің отбасы да арбаушының құрбандарының бірі. Бойжеткеннің сөзінше, олар үйге келіп, туыстарын гипноздап, барлық бағалы затты қолды қылып кеткен. Ең қызығы, сол уақытта үйде болған ата-анасы мен әжесі бағалы заттарды өздері берген. Себебі, «қыздарыңның өмірі қыл үстінде» деген арбаушы бірнеше рәсім жасап, «құтқарғаны» үшін ақы сұраған. Әселдің туыстары тек арада бірнеше сағат өткеннен кейін естерін жиып, болған жайт туралы бірден полицияға хабар беріпті. Абырой болғанда, ұрланған заттың біраз бөлігін қайтарып алған.

Әсел Мәлік, Шымкент қаласының тұрғыны: «Үйімізге келді, кірді. Басының ауырып тұрғанын айтты. Қазақтың қолы ашық қой, анам оған шай берді. Сөйтіп ол әжемді, ата-анамды басқа бөлмеге алып кетті. Ішке кірген кезде анамды және әкемді гипноздап алған, «отбасыларыңа қауіп төніп тұр, қызыңыздың өмірі қыл үстінде біз келмесек өліп қалар еді» деп айтқан. Ақшаны, тұрмыстық техниканы, сүлгілерді, ыдыс-аяққа дейін бәрін алып кетті».

Мамандардың сөзінше, гипноз жасаушы адамдар өз «құрбандарын» өте мұқият таңдайды. Әдетте арбаушыларға — ойға батқан, өмірде қиындыққа тап болған немесе қайғы-қасіретке душар болған жандар ұрынады. Психолог Герман Владимиров кез келген адам күніне кемінде 60 рет өздігінен трансқа түсетінін айтады. Ал ондай сәт арбаушылар үшін таптырмайтын жағдай. Гипноз жасаушыларға көп нәрсе қажет те емес, тек адамды әңгімеге тартып, оған көмектесе алатынына сендірсе болғаны.

Герман Владимиров, психолог: «Егер сізге әдеттегіден өзгеше сұрақтар қойылса, бұл бірінші күдік туғызатын жағдай болуы керек. Ал екіншісі, егер бөтен адам сізге шектен тыс жанашырлық танытса, онда ол міндетті түрде арбаушыға тән дағдыларға ие болады. Үшіншісі, егер ол дәл сіз сияқты тұрса немесе сіз секілді қозғалса, сізге ұқсас ырғақпен сөйлесе, ол адамға күмәнмен қарау керек. Және байқаған жағдайда бірден сөйлесуден бас тартқан жөн».

Сондай-ақ, арбаушының қолында кілт немесе басқа да адамның назарын аударатын салпыншақ заттар болуы мүмкін. Ол гипноздауға көмек беретін негізгі құралдың бірі. Арбаушыдан қорғанудың жалғыз амалы — оларды елемеу. Ал полицейлер алаяққа алданған жағдайда құқық қорғау органдарына жылдам хабар беруді және өте сақ болуды сұрайды.

Гүлдана Дәурен