Шымкентте 7 жыл бойы алимент төлеуден жалтарған ер адамның қарызы 3 235 709 теңгеге жеткен

79

Жергілікті тұрғын өзінің кәмелет жасына толмаған екі баласына асырап бағу үшін ай сайын табысының немесе өзге кірісінің 1/3 мөлшерінде алимент төлеуге тиісті бола тұра, сот бұйрығы шыққан уақыттан бері 7 жыл бойы міндетті қаражатты төлеуден жалтарып жүрген. Борышкерге бірнеше рет ескерту хабарламасы берілген, сондай-ақ азамат түсініктеме жазып, іс қағаздармен танысып, төлеуге міндеттенген. Алайда, ешқандай төлем жүргізілмеген.

Аталған жайт бойынша қарыз берешегі негізінде барлық шектеулерді қойып, Қаратау ауданы Полиция басқармасына жеке сот орындаушысынан өз балаларын асырауға алимент төлемеген борышкерді қылмыстық жаупкершілікке тарту туралы қаулы түскен. Азаматтың қазіргі таңда алимент бойынша берешегі 3 235 709 теңгені құраған.
Тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 139-бабы (Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, Шымкент қаласы мамандандырылған кәмелетке толмаған істер жөніндегі сотына жолданды.
Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мемлекеттік органдар қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылатынын, ал балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-аналардың табиғи құқығы мен міндеті болып табылатынын атап өткен жөн.
Осы ретте полицейлер азаматтарға өз балаларыңыздың болашағы үшін алимент төлеуден жалтармай, Заң аясында белгіленген міндетті қаражатты төлеп отыруға кеңес береді.