Қаржы пирамидасын жарнамалағандар 7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

81

Қаржы пирамидасын насихаттап, жарнамалағандар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында айтылды. Қаржы пирамидасына жарнама жасайтындарға қылмыстық жауапкершілік енгізуді депутаттар ұсынып отыр. Өйткені, елімізде алаяқтарға алданып, қолындағы ақшасынан, дүние-мүлкінен айырылып жатқандар көбейген.

Былтыр елде 31 мыңнан астам адам қаржы пирамидаларынан зардап шекті. «Тез әрі оңай баюға» асыққандар 54 млрд. теңге жоғалтты. Ал биыл алаяқтардың арбауына түскендер 600 млн. теңгеден айырылып үлгерді.

Полиция соңғы 5 айда 27 қылмыстық іс тіркепті. Сондықтан, депутаттар қаржы пирамидасын жарнамалағандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынып отыр. Заң жобасында 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Шынар Оразова