Баласын балтамен шауып өлтірген әкеге қатысты сот үкімі шықты

222

Түркістан облысында баласын балтамен шауып өлтірген азамат 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Оқыс оқиыға 2022 жылдың 4 наурызында орын алған. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот судьясының айтуынша, сотталушы азамат бұрын істі болмаған.

Азамат өзінің 6 жасар баласын үйінің алдында орналасқан тоғайға «отын жинаймыз» деген сылтаумен алдап ертіп барып, сол жақ самай сүйегіне оң қолында тұрған темір балтаның тегіс жағымен бір мәрте соққы жасаған. Одан кейін, денесін көтеріп шабылған жиде талының томар астына ынғайлап койып, темір балтаның үшкір жағымен мойын аймағынан бірнеше рет соққы жасап шауып өлтірген.

«Сотталушы бес бала-шағаның әкесі. Қиын материалдық жағдайына байланысты бала-шағасын асырай алмай, өз-өзіне қол жұмсап немесе баласының бірін өлтіріп, қалған 4 баласымен жақсы өмір сүріп кетемін деген мақсатта болған»,-дейді Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Дәурен Мадалиев.

2022 жылғы 29 шілдедегі үкімімен Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сотталушыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танып, оған осы бап бойынша педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айырып, 15 (он бес) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

Тағайындалған жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеуді белгілеген. Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

                                                                                          Мөлдір Ибадуллаева