Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жыл басынан бері атқарған жұмысына қорытынды жасады. Жиында басқарма құзырына кіретін жұмыспен қамту, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау шаралары сөз етілді. Биыл орталық 33 500 тұрғынды жұмыспен қамтып, 10 мыңға жуық ардагер мен зейнеткерді демалыс орындарына тегін жолдама беруді жоспарлаған.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы 2022 жылы басынан бері атқарылған жұмыстарының қорытындысын жария етті. Биыл қаламызда 33 500 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Ал қазірге дейін 10 492 адамға қызмет көрсетіліп, жоспар 22,7% орындалды.
Аталған басқарма 5 негізгі бағытта жұмыс істейді. Соның бірі ардагерлер мен аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау. Қазір мегаполисте 84 034 зейнет жасына жеткен тұрғын мен 55 814 көп балалы ана бар. Зейнет жасындағы қарияларға жазғы уақытта санаторлық-емдеу орынына жолдама беру де басқарма құзырына кіреді.
Балмаржан Нарбекова, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы: «Бүгінгі таңда ҰОС ардагерлер және оған теңестірілген ардагерлер, және көп балалы зейнеткерлер 12 күнге курортқа тегін жолдама беріледі. ал қалған ардагерлер 6 күнге курортқа барады. Қазіргі таңда «Ақсу-Жабағылы», «Денсаулық», «Айша-бибі», «Арыс» курорттарымен келісімшарт түзілген. Қазір жолдама беріп, жіберіп жатырмыз».
Биыл мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Яғни енді, ерекше қамқорлықты қажет ететін тұрғын үйден шықпай-ақ мемлекеттен алатын көмегі мен құрал-жабдықтарына тапсырысты порталда электронды қолтаңба арқылы бере алады. Қазірдің өзінде «Инватакси» қызметіне 437 адамнан 18 мың электронды өтініш түсіп, қызмет көрсетілген.
Әсел Мәлік