Шымкентте түнгі уақытта қолында пышағы бар бейтаныс азамат бойжеткенге шабуыл жасады. Оқиға «Нұрсәт» шағынауданында болған.
Бойжеткен жеке үйлердің сыртында ұялы телефонмен сөйлесіп тұрған сәтте ер адам жақындап келіп, пышағын шығарып қорқытқан. Кейін тағы бір қадам басқан кезінде, қыз қорыққанынан айғайлап жіберіпті. Сол сәтте ер адам қашып үлгерген.
Аталған оқиға төңіректегі бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Жәбірленуші дереу Қаратау аудандық полициясына арызданыпты. Алайда, тәртіп сақшылары «өзің қысқа киініп алғансың, әрине, кез келген адамның ойы бұзылады», деген сынды уәж айтқан.
Қазіргі таңда күдіктіні анықтау және ізтеу шаралары жалғасып жатыр. Бұл туралы қалалық полиция департаменті өкілдері хабарлады.
Гүлдана Дәурен