Түлкібаста бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін грант беріліп жатыр

49
фото liveinsurancenews.com

Жастарды қалай ауылда қалдыруға болады? Оларды тұрақты жұмыспен қамту үшін не істеу керек? Қазір бұл мәселе шалғай елдімекендердің ең өзекті проблемасына айналған. Сондықтан Түлкібас ауданында жастарды жұмыспен қамту ең басты назарға алынған. Айтуларынша, әкімдіктегілер азаматтарға әр түрлі саладағы жұмысты ұсынып келеді. Әрі оған жалақысы да сай дейді.

Түлкібас ауданының орталығы саналатын Тұрар Рысқұлов елдімекенінде жұмыссыздар саны күн санап төмендеп келеді. Өйткені, халықтың өзі бос отырмай, екі қолға бір күрек тапсақ деген ниетте дейді жұмыспен қамту бөлімінің мамандары.

Еркін Жаңабайұлы, Түлкібас аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы:
«Биыл жұмыссыздар саны азайды, әр салада сұхбат жүргізіп жатырмыз, ең бастысы жұмыс істегісі келетіндер бар, ауылдан кеткісі келмейтіндер жетерлік. Біздің басты міндетіміз – жағдай жасап, бос орындармен қамтамасыз ету, халыққа көмектесу, біз әрқайсысына жеке-жеке көмектесуге тырысамыз».

Ауыл халқының басым бөлігі егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысады. Алайда басқа кәсіппен шұғылданатындар да баршылық. Сондықтан, жауаптылар мұнда кез-келген салада жұмыс табуға болатынын айтады.

«Мемлекет тарапынан ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге болатын бірқатар салалар бар, біз де осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бізде қазірдің өзінде 12 миллион теңгенің грантын алған 43 адам бар»,-дейді Еркін Жаңабайұлы.

Аудандағы жұмыс іздеп жүрген немесе өз кәсібін ашқысы келетін азаматтар әкімдікке келіп, мамандардан кеңес алуына болады.

Мөлдір Ибадуллаева