Мектепте биыл да өзгеріс көп

118

Биылғы жаңа оқу жылы өзгерістерге толы.  Шымкенттегі 223 мектептің 218-інде оқушылар бескүндік кесте бойынша дәріс алады.

1 сыныпта балалар әліппені толық оқып шығады, ал шалғайдағы оқушылар автобуспен тасымалданбайды. Білім ордаларындағы ыстық тамақ балаларға төлем картасымен беріледі. Әрбір мектепте дауды шешетін медиация кабинеті және мүмкіндігі шектеулі балалар үшін логопед бөлмесі де болады.

Бұл, биылғы жаңа оқу жылындағы өзгерістердің бір парасы ғана. Сонымен қатар, 1-ші қыркүйек Білім күнінде алғашқы қоңырауда әуеге шар жіберу, ұстаздарға гүл шоқтарын сыйлаудан бас тартқан дұрыс. Бұл туралы қаланың бас ұстазы, арнайы өткен брифингте мәлемдеді.

Биылғы жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталмақ. 1-ші сыныпқа 28 мың 2 бала қабылданған. 2022-2023 оқу жылындағы басты өзгерістердің бірі 1-ші сыныпта тек әліппені оқиды, ал орыс тілін екінші сыныптан, ағылшын тілі үшінші сыныптан бастап меңгереді.

«Өзін-өзі тану» пәні барлық деңгейдегі үлгілік оқу жоспарынан алынды. Дене шынықтыру пәнін 2-ге бөліп оқыту тоқтатылды. 1 сыныптан бастап балалар «Көркем еңбек» пәні, «Бейнелеу өнері» және «Еңбекке баулу» пәндеріне бөлініп дәріс алады. Биылдан бастап оқушылар автобуспен тасымалданбайды.

Жанат Тәжиева, Шымкент қаласының білім басқармасы басшысы: «Оқушылар мектепке  қоғамдық көлікпен  жетіп алады. Тасымалдау облыс және жәй қалаларда жүргізіледі. Шымкент республикалық маңызы бар қалалар қатарында болғандықтан,  мектеп оқушылары қоғамдық көлікпен қатынайды».

Шаһардың бас педагогы ата-аналарды толғандырған басты мәселе, бастауыш сынып оқушыларының ыстық тамақпен қамтылу мәселесіне тоқталды.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Ыстық тамақ «Төлем»  картасы  беріледі. Жүйе  цифрландыруға көшкен мектептерде жүзеге асады. Егер де оқушы «Төлем» картасын жоғалтып алғанда, ыстық тамақ акт бойынша беріледі. Бірде бір оқушы ыстық тамақсыз қалмайды».

Ағымдағы жылы 223 мектептің 45-і 1 ауысымда, 173-і 2 ауысымда , 5 мектеп 3 аусымда оқиды. Биылғы жылдың жаңашылдығы мектептердің бес күндік кестеге көшуі. Шымкентте 218 мектеп 5 күндік оқуға жүйесіне ауысты. Басқарма басшысы мектеп тапшылығы тойханаларды ыңғайластыру арқылы да шешімін тауып жатқанын жасырмады.

Биылғы жаңа оқу жылында 20 мектеп пайдалануға беріледі. Оның 4 мемлекеттік, 16-ы жекеменшік. Ал үш аусымды мектептер саны биыл 9-дан 5-ке төмендеді.