Облыс әкімі Түлкібас ауданындағы мектептердің құрылысымен танысты

66

Түркістан облысында егістікті суару мәселесі шешілді. Өңірдегі егін алқаптарын тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін каналдардың тоқтауы салдарынан астыққа су жетпей қалу қаупі туындаған еді. Дегенмен, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев көршілес Өзбекстан және Тәжікстан елдерінің өкілдерімен келісім жасады. Нәтижесінде мәселенің 70 пайызы шешімін тапты.

Облыс әкімі Түлкібас ауданындағы іссапары барысында суармалы жерлердің жағдайымен де танысып қайтты. Өңір басшысы ұзаққа созылған канал құрылысын бақылап, мердігерлердің жұмысын сынға алды. Қазіргі таңда егін жинау науқаны аяқаталып қалды, ал кейбір аумақтарда әлі күнге су жоқ.

Облыс әкімі бірнеше жылдан бері құрылысы аяқталмай жатқан су арнасын тексеріп көрді. Өңір басшысы ісіне немқұрайлы қарайтын жауапсыз мердігерлерді жазалауды талап етті.

Марат Жанесен, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары: «Өкінішке орай, бұл каналдардың қазір жұмысы тоқтап қалған. Мердігер мекеме жұмыс істеуден бас тартты. Қазір біз Боз каналында тұрмыз. Оның 4 шақырымын цементтеген. Қалған жұмысының бәрі тоқтап тұр».

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Енді қалай бұл? Ақшасы бар нәрсені атқара алмай отыр?! Қандай компания? Оларды ДЭР-ға беріп тексеру керек!».

Мерлан Керімжанов, «Қазсушар» РМК Түркістан облыстық филиалының директоры: «Бұл аудандағы мәселе 80 пайызға шешіліп отыр. Нақты айтқан кезде, 7000 га суармалы жер болса, соның 4000 гектарына су жеткізіп отырмыз. Бірақ жауапсыз мердігерлердің әсерінен суды бере алмайтын жағдайлар да кездеседі».

Ал егіс алқабын суару мәселесінде біршама қиындықтар болған. Оны шешу мақсатында Өмірзақ Шөкеев Өзбекстан және Тәжікстанмен келіссөз жүргізген. Енді су көршілес елдерден келетіндіктен, мәселенің 80 пайызы шешімін тапты.

Тұрғанбек Оспанов, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: «Жылдан-жылға су тапшылығы көрініп келе жатыр. Біз бірақ биыл ерте бастадық. Өмірзақ Естайұлының тапсырмасымен көктемдегі жаңбырдың суын уақытылы тоған ретінде су қоймаға жинап, елге жоспарлы бере білдік. Нәтижесінде биыл судан ешқандай зиян шекпедік. Әсіресе Бөген аймағында қазірге дейін су беріп жатырмыз. Достық каналы бойынша табиғатқа тәуелді болғандықтан Өзбекстан, Тәжікстаннан келетін суға тәуелдіміз. Өңір басшысы Өзбекстан, Тәжікстан елдерімен келіссөз жүргізіп, Достық каналын 100 кубпен ұстап отырмыз. Өткен аптада 4 насосты қосып, Маш каналын қостық. Бүгінгі таңда екі ауданда былтырғыдай емес, 40 пайызын суарып бітті».

Сондай-ақ, облыс әкімі Түлкібас ауданындағы білім ұяларының құрылыс барысымен де танысты. Биыл аудан көлемінде 3 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бір білім ордасы қыркүйек айында пайдалануға берілсе, қалған екі мектеп жыл соңына дейін тапсырылады деп күтілуде.

Нұрлан Байғұт,  Түлкібас ауданының әкімі: «Ауылда 100 жыл бұрын мектеп соғылған, ол бастауыш мектепте 38 оқушы оқыған. Қазіргі таңда 100 орындық мектептің құрылысын жүргізіп, 1 қыркүйекке тапсыруды жоспарлап отырмыз. Болашақта 4 жылдық мектепті негізгі мектепке айналдырып, барлық оқушыларды шетке, басқа мектептерге тасымалдамай, барлығы бір ауылдың ішінде білім алатын болады. Жалпы 6 мектептің төртеуі биыл тапсырылады, екеуі келесі жылға өтпелі».

Түлкібаста жыл басында үш мектепте қосымша корпус бой көтеріп, пайдалануға берілген. Биыл тағы бір білім ордасына қосымша корпус салынып жатыр. Ал жалпы Түркістан облысында ағымдағы жылы 59 мектеп құрылысы қолға алынып, оның 21-ін биыл қолданысқа беру жоспарланып отыр.

Гүлдана Дәурен