Өмір бойына көлік құралын жүргізу құқығынан айырылды

63

Сарыағаш аудандық сотында көлік құралын басқару құқығынан айырылған адам бола тұра, мас күйде көлік басқарып, жол қозғалысы ережелерін бұзды деп айып тағылған (ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігі) азамат А.-ға қатысты үкім шығарылды.

Сотталушы бұдан алдында Мақтаарал аудандық мамандандырылған әкімшілік сотының 22.10.2020 жылғы қаулысымен көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған.
Алайда, А., көлік құралын басқару құқығынан айырылған адам бола тұра, 2022 жылы 27 сәуірде сағат 03:00 шамасында, Сарыағаш қаласы Майлы қожа көшесінде «АUDI A6» маркалы м/б 662 ZKZ /13 автокөлігін жеңіл дәрежелі алкогольдік масаң күйде басқарып, жүріп бара жатқан кезінде полиция қызметкерлерімен анықталып, ұсталған.
Басты сот талқылауында сотталушы өзіне тағылған айыпты толығымен мойындап, өзінің жасаған қылмыстық әрекетін толығымен мойындап, өкінетінін айтып, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұраған.
Сотталушының қылмыстық әрекеті А.-ның өзінің мойындап берген жауабымен қатар, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жауап берген маманның жауаптарымен, қылмыстық істегі іс материалдарымен толық дәлелденген.
Сот үкімімен сотталушы А. ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған осы баппен өмір бойына көлік құралын жүргізу құқығынан айырып, 6 (алты) ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.