Сарыағашта тұтас бір шағынаудан ауызсусыз отыр. Самал-3 шағынауданының тұрғындары 10 жылға жуық уақыт таза суға жарымай отырғандарын айтып шағымданды. Сөздерінше, ауыл халқы айына үш рет суды тасымалдап ішеді екен. Алайда, тасып әкелген су ыстыққа шыдамай, тіпті 10 күнге жетпей құрттап кететін көрінеді. Салдарынан, кішкентай балалар іші ауырып, жиі ауруханаға түседі екен.
Жұмабай Нұрмаханбет Сарыағаштағы Самал-3 шағынауданында 12 жылдан бері тұрады. Осы уақыт ішінде таза суға жарымай-ақ қойдық деген тұрғын, шенеуніктердің құрғақ уәдесіне әбден тойдық дейді. Сөзінше, ай сайын 21 мың теңгеге кемінде 3 рет су тасып әкелетін көрінеді. Алайда, күн ыстық болғандықтан судың біраз бөлігі құрттап, айнып кетеді екен.
Жұмабай Нұрмаханбет, Сарыағаш қаласының тұрғыны: «Біз қонаққа барсақ та сарқыт әкелмейміз, су әкелеміз. Ішетін суымызды тасып әкелеміз. Қыстыгүні қарларды жинап, ыдысқа салып ерітіп ішіп жатырмыз. Жаңбырдың суын ішеміз. Жазға қарай мынадай суды сатып алып, күн көріп, құрттаған суды сүзіп, ішіп жатырмыз. Солай амалдап күн көріп жатырмыз».
Шағынаудан тұрғындары қалада өмір сүрсек те, 10 жылдан астам уақыт бойы көрген күніміз осы деп күйініп отыр. Тұрғындардың бірі бөшке мен цистерна секілді ұңғыма заттарға су жинаса, халықтың басым бөлігі үйіне жасанды құдық орнатқан. Бұдан басқа шарамыз жоқ деген халық, 5-6 жылдан бері әкімдіктен де үмітін үзіпті. Ал жергілікті билік өкілдері жобалау жұмысы биыл аяқталса, келер жылы құрылыс басталады деп сендірді.
«Жоба бүгін бітсе, ендігі жылы біз қаржы аламыз, конкурсқа саламыз. Сосын тиісті құрылыс жұмысын бастап кетеміз. Қазіргі таңда 1600-ден астам абонемент тасымалдап су ішіп отыр. Мен Самал-3-тегі су жүйесі бойынша басшысымен сөйлестім, тұрғындарға осы жаз айларында мүмкіндігінше арзандатып су беріп отырады»,- дейді Сарыағаш қаласының әкімі Мұхит Досболов.
Қала әкімі егер келер жылы қаржы бөлінсе, құрылысты бірден бастап кететінін айтты. Бірақ, сапалы су шамамен екі жылдан кейін ғана беріледі деген болжамды да атап өтті. Тұрғындардың мұндай жауапқа көңілі толған жоқ, әрине. Ауызсуға жарымай отырған халық шыдамның да шегі болады деп ашуға булығып отыр.
6000-нан астам отбасы тұратын шағынаудан халқын мазалаған мәселе тек су ғана емес. Тұрғындардың айтуынша, кеш түсе бастаса болғаны, аймақты сасық иіс жайлайды. Себебі ауыл маңындағы қырдың арғы бетінде қоқыс полигоны орналасқан.
Солтүстіктен оңтүстікке қарай жел соққанда шағынаудан тұрғындары қолқаны қабар қолаңса иіске тұншығады. Сонымен қатар, жел тұрғанда ұшқан қоқыс тұрғын үйлердің ауласын толтырады. Айта кетейік, санитарлық талапқа сай елдімекен мен қоқыс полигонының арасы 7 км болуы шарт. Ал ауылмен екі ортада тіпті шақырым да шықпайды. Алайда, қала әкімі олай ойламайтын көрінеді.
Мұхит Досболовтың сөзінше, 9 гектар аумақты алып жатқан қоқыс полигоны енді ғана қаланың балансына өтіпті. Ал бұған дейін қоқысты өртеген тазалық мекемесіне айыппұл салынған екен.
Мұхит Досболов, Сарыағаш қаласының әкімі: «9 гектар тазалық мекемесінің балансында болған. Қазіргі таңда тазалық мекемесі жұмысын тоқтатты. Дүйсенбі күні Сарыағаш әкімінің қаулысы шықты Сарыағаш қаласының балансына алу туралы. Біз өзіміздің балансқа алдық. Оны қазір қабылдау актісі жүріп жатыр. Өртенді, оны тоқтатып, тазалық мекемесінің басшысына штраф салдырдық. Қазіргі таңда уақытша басшы тағайындалып отыр. Енді ертең Сарыағаш қаласының балансына өткеннен кейін біз оны тиісінше сенімгерлікке беріп немесе басқа мердігерлерді шақырып, ауқымды өзі жойылатын жоба жасамақпыз».
Қала әкімінің сөзіне сенсек, қоқыс полигонын басқа мекеме сенімгерлікке алып жатыр. Енді мұнда қоқысты өртемей, өңдеп шығарады. Бір сөзбен айтқанда жергілікті билік өкілдері жағдайды жақын күндері қалыпқа келтіруге тағы да уәде беріп отыр.
Гүлдана Дәурен